Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай кезінде аман қалған үш әскери қызметшіні марапаттады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz.

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен 29011 әскери бөлімінің матросы (атқыш) Бекет Бақтыбекұлы Қуандық, 29011 әскери бөлімінің матросы (атқыш) Ақжол Тимурұлы Темерхан және 29011 әскери бөлімінің маманы (санитарлық нұсқаушы) Никита Александрович Удалов марапатталды.

Каспийдегі трагедия 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау барысында болды. Дауыл мен желдің күрт екпінінен 17 әскери қызметші ашық теңізге ағызылып кетті: 14 адам қаза тапты, үшеуін құтқару мүмкін болды.

Төтенше жағдайдың себептері мен мән-жайын вице-премьер Қанат Бозымбаев басқаратын арнайы үкіметтік комиссия анықтап жатыр. Сарбаздардың қаза табуына қатысты немқұрайлылық пен кеме жүргізу ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында.

Сонымен қатар, қарсаңында мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің істерінің жай-күйін кешенді тексеру үшін комиссия құрды. Ол әскери бөлімшелердің қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін зерделейді.

Бұған дейін «Курсив» Тоқаев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді өлімінен кейін марапаттағанын және Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатқанын жазған. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.