Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Х съезінде сөйлеген сөзінде цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды контентті көбейту арқылы мемлекеттік тілдің әлеуетін нығайту қажеттігін айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысының айтуынша, адам ақпаратты сол тілде іздеп, фильм көріп, білім алған кезде тілдің әлеуеті артады. Сондықтан ол цифрлық ортаны қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды контентпен толықтыруды маңызды міндеттердің бірі деп атады.
«Балалардың тілін дамытуға бағытталған IT-өнімдердің, сондай-ақ фильмдер мен ойындардың санын көбейту өзекті міндет болып отыр», — деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінде ақпарат тарату аясы, қазіргі тілмен айтқанда, қазақтілді контенттің ауқымы барынша кең болуы керектігін атап өтті.
«Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да салалардағы өзекті тақырыптар бойынша сапалы өнімдер жасау қажет. Тұтастай алғанда, мемлекет мұндай жобаларға нақты қолдау көрсетуі керек. Осы мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруға болады», — деді ол.


