Астанада өткен Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы елдің әлемдік аренадағы Орта держава мәртебесін бекітіп, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін шетелде насихаттауды көздеп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты дамытып, инвестиция тартуды ұлғайтуы қажет.

«Біз бұдан былай да халықтың әл-ауқатын арттыру жолында табанды еңбек етеміз. Халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, елге келетін инвестиция көлемін ұлғайтуымыз керек», — деді Президент.

Тоқаев халықаралық форумдарға тұрақты қатысып, өзге елдердің көшбасшыларымен және инвесторлармен кездесіп, Астанада мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен келіссөздер жүргізіп жүргенін еске салды.

«Менің алдымдағы мақсатым айқын – Қазақстанды әлемдік аренада Орта держава ретінде таныту, тарихымыз бен мәдениетімізді халықаралық деңгейде насихаттау, мемлекеттік мүддені қорғау және Қазақстанның мүмкіндіктерін ілгерілету. Басқа ойым жоқ», — деді Тоқаев.

Президент бұл міндетті барлық қазақстандықтың мақсаты деп те атады. Ол азаматтарымыз реформалардың тікелей куәсі болып қана қоймай, оның нәтижесін сезініп жатқанын атап өтті.

Мәселен, соңғы 7 жылда жалпы ішкі өнім 29%-ға өсіп, 306 миллиард долларға жетті. Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды.

Мемлекет басшысының айтуынша, белсенді жұмыстың арқасында Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енді.