Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайлық әріптестеріне тауарлардың интернеттегі деректер сияқты жылдам шекарадан өтуіне мүмкіндік беретін кеңістік құруды ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz.
Мемлекет басшысы бұл мәлімдемені Қытай Халық Республикасының жетекші компаниялары өкілдерімен кездесуде жасады.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның логистика саласындағы басты жобасы – Smart Cargo платформасы. Ол кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді біріктіретін бірыңғай цифрлық терезе.
«Қазақстан мен Қытай халықаралық сауданың тиімділігін арттыратын жаңа жаһандық стандарттарды бірлесіп белгілей алады деп есептеймін. Технология, логистика саласындағы қытайлық компаниялар мен инфрақұрылым инвесторларын осы ауқымды бастаманы жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамын», — деді Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстан Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көліктік-логистикалық хабқа айналуы керектігін атап өтті. Ол мұны стратегиялық мақсат деп атады.
«Қазір еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады», — деп еске салды президент.
Сонымен қатар Тоқаев көлік дәлізінің бәсекеге қабілеттілігі қазіргі әлемде деректер алмасу жылдамдығына, цифрлық интеграция деңгейіне және логистиканың ашықтығына байланысты екенін айтты.


