Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құру туралы өкімге қол қойды. Бұған Маңғыстауда оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы себеп болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрылды», — делінген Ақорданың Телеграм-арнасындағы хабарламада. Құжаттың толық мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Өкімде тексеру қорғаныс ведомствосындағы істердің жай-күйін, оның ішінде әскери бөлімшелерді қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласын кешенді талдау мақсатында жүргізілетіні көрсетілген.

Комиссия төрағасы болып Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Ғалымқызы Балаева тағайындалды. Оның орынбасары — Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Асханұлы Смайылов.

Комиссия құрамына мыналар кірді: Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Нұрланұлы Жиенбаев; Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Қалдыбекұлы Элиманов; Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының басшысы Мұрат Қалибекұлы Баймұқашев; Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Төкешұлы Такиев; Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бірінші орынбасары Жандос Жәнібекұлы Умиралиев; Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әли Сапарғалиұлы Алтынбаев; Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Кеменгерұлы Амрин.

Құжатқа сәйкес, Комиссияға жеті күндік мерзімде атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелерін баяндау тапсырылды. Өкім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Еске салайық, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауы мен екпінді желдің салдарынан Каспий теңізіне 17 әскери қызметші ағызылып кетті, олардың 14-і қаза тапты. Үшеуі құтқарылды, біреуі ауруханаға жатқызылды.

Алдыңғы күні өңірдің денсаулық сақтау басқармасы пациенттің Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілгенін хабарлады. Әскери қызметшінің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланды.

Бүгін Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті.