«Қазақстан — Қытай» инвестициялық форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен мәңгілік достықты нығайту республиканың сыртқы саясатындағы ең маңызды мақсаттардың бірі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Екі халықтың ортақ тарихына тоқталған Мемлекет басшысы қытай халқы қазақ халқына ешқашан ешқандай зиян тигізбегенін атап өтті. Оның айтуынша, көп жылдар бойы екі халық өзара құрмет сақтап, бір-біріне қолдау көрсете отырып, шынайы үйлесімде өмір сүріп келеді.
«Ортақ тарихымызға үңілсек, қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян тигізген емес. Көп жылдар бойы екі халық өзара құрмет сақтап, бір-біріне қолдау көрсете отырып, шынайы үйлесімде өмір сүрді», — деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі тұрақсыз әрі белгісіз уақытта Қазақстан мен Қытай сенімді серіктес ретінде көптеген сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру үшін иық тіресіп, бірлесіп әрекет етуі керектігін қосты.
Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы қытай мақалын келтірді: «Қытай тілінде мағынасы терең бір мақал бар: 人心齐,泰山移 — „адамдар біріксе, Тайшань тауын да орнынан қозғайды“. Қазақстан мен Қытай достық пен көршілес екі мемлекет ретінде бірлесіп кез келген істі сәтті жүзеге асыра алатынына сенімдімін», — деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.


