Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннмен кездесті. Кездесуде инвестиция көлемі 500 миллион долларға жететін жаңа жобалар талқыланды. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп жазады infohub.kz.
Мемлекет басшысы неміс компаниясының республикадағы қызметін кеңейту жоспарларын құптады. Кездесуге қатысушар Linde мен Qarmet компаниялары арасында Теміртауда жаңа ауа бөлу қондырғысын салу туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті.
Тараптар мұнай-химия өнеркәсібіндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын қарастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау және Маңғыстау облыстарындағы мұнай-химия және химия кластерлерінің дамуы туралы әңгімелеп, Linde компаниясын осы салалардағы перспективалы жобаларға қатысуға шақырды.
Президент компанияның көміртекті ұстау және сақтау саласындағы әзірлемелеріне, сондай-ақ сутегі инфрақұрылымын дамыту жоспарларына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттар Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу міндеттеріне сай келеді.
Мемлекет басшысы Linde компаниясының елдің өнеркәсіп секторына қосқан үлесін жоғары бағалады. Компания өнеркәсіптік газдар мен инжиниринг саласында әлемдік көшбасшылардың қатарында. Оның технологиялары металлургия, тау-кен, химия және энергетика салаларында, денсаулық сақтау, электрондық өнеркәсіп және жоғары технологиялық өндірісте қолданылады.
Оливер Пфанн Қасым-Жомарт Тоқаевқа Linde бастамаларын қолдағаны үшін алғыс айтып, серіктестікті кеңейтуге және Қазақстанда жаңа өндірістер ашуға дайын екенін білдірді.
Бұған дейін «Курсив» Siemens компаниясының Қазақстанда деректерді өңдеу орталығының инфрақұрылымын құруға қатысуға және электр желілерін жаңғырту, автоматтандыру мен сумен жабдықтау үшін шешімдер ұсынуға дайын екенін жазған болатын. Тоқаевпен кездесуде Siemens пен Silk Road Electronics компанияларының Qarmet жабдықтарын жаңарту жөніндегі бірлескен жобасы да талқыланды.
Германияға сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа стратегиялық уағдаластықтарға қол жеткізілгенін мәлімдеп, канцлер Фридрих Мерцті 2027 жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірлескен декларация қабылдады. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,5 миллиард долларға жетті, ал соңғы 20 жылда Қазақстанға неміс инвестицияларының ағыны 8 миллиард долларды құрады. Франк-Вальтер Штайнмайер «Алтын Қыран» орденімен марапатталды.


