NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде Екібастұздағы «ДК орталықтары алқабы» жобасының келесі кезеңіне қатысу жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тараптар жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және есептеу инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Мемлекет басшысы NVIDIA-дың жаһандық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастырудағы рөлін атап өтіп, оны Қазақстан экономикасының басым салаларында практикалық қолдануды кеңейтудің маңыздылығын атап көрсетті.
Кездесуде ынтымақтастықтың практикалық негізі қаланғаны айтылды: елімізде NVIDIA технологияларына негізделген екі суперкомпьютерлік кластер іске қосылған.
«ДК орталықтары алқабына» ерекше назар аударылды. Жоба қуаты шамамен 300 МВт болатын есептеу инфрақұрылымын құруды, оны болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігін көздейді. Президент оны жүзеге асыру үшін NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған келісімдердің маңызын атап өтті.
Рев Лебаредян Қазақстандағы жасанды интеллект инфрақұрылымының дамуын жоғары бағалап, компанияның жобаның келесі кезеңіне қатысу жоспарлары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар әңгімелесу барысында кадрлар даярлау және елдің технологиялық экожүйесін дамыту мәселелері қарастырылды.
Бұған дейін «Курсив» AI & Digital Bridge 2026 көрмесінде Президентке Qazaq AI Research University базасындағы AI-Enabled University моделі, Trusted Kazakhstan және ALFA жобалары, сондай-ақ Aitu мессенджерінің жаңа функциялары таныстырылғанын жазған болатын. Көрме қонақтары «Самұрық-Қазына» мен Higgsfield.ai-дың интеллектуалдық шешімдерімен де танысты.


