Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері – оқушылар мен студенттермен кездесті. Салтанатты шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың мұғалімдері мен тәлімгерлері шақырылды. Лауреаттар арасында физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндерінен алтын, күміс және қола медальдарды иеленгендер бар. Мемлекет басшысы дарынды жастарды ғылыми жарыстардағы жарқын нәтижелерімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді, деп хабарлайды infohub.kz.

– Сіздер планетаның үздік оқушыларымен бәсекеде білімдерінің ең жоғары деңгейін көрсетіп, беделді интеллектуалды жарыстарда жүлделі орындарға лайықты ие болдыңыздар. Сіздердің күш-жігерлеріңіз біздің көк байрағымызды биік көтеріп, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтты. Қазақстанның жарқын болашағы – талантты, білімді және қабілетті жастардың қолында. Әрқайсыңыз – еліміздің нағыз мақтанышысыздар! – деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев табанды еңбекпен иеленген әрбір медальдың баға жетпес екенін және маңызды екенін айтты.

– Күн сайын, ай сайын жоғары мақсатқа жету үшін үздіксіз оқу және дайындалу қабілеті – терең тәртіптілік пен күшті мінездің шынайы көрінісі. Ұлы Абайдың сөзі бар: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Жақында сіздер білікті инженерлер, көрнекті ғалымдар, өз ісінің нағыз мамандары боласыздар. Сіздер Отанымыздың өркендеуіне ықпал ететін озық технологиялар жасап, әлемдік прогреске зор үлес қосатын жаңалықтар ашасыздар деп сенемін, – деді ол.