Оман сұлтанының Қазақстанға мемлекеттік сапары тарихта тұңғыш рет өтіп, екі ел арасындағы байланысты дамыту мен өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик әл-Саидпен кездесті. Тараптар екіжақты қатынастарды дамыту мен ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

«Мәртебелі! Сізді Қазақстанда мемлекеттік сапармен қабылдау мен үшін үлкен құрмет әрі зор қуаныш – бұл Оман сұлтанының біздің елге тарихтағы тұңғыш сапары. Бұл сапардың тарихи маңызы зор деп сенемін, өйткені Сіз елдеріміз арасындағы көп қырлы ынтымақтастықтың жаңа бетін ашып отырсыз. Оны жандандырып, жаңа деңгейге көтеру қажет. Айтқанымыздай, өзара ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар, оны ашып, толық жүзеге асыру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан Оман үшін сенімді серіктес болуы үшін күш салатынын атап өтті.

«Оман Қазақстанда зор құрметке ие. Бүгінде көптеген азаматымыз Сіздің керемет еліңізге барып жүр. Сонымен қатар көптеген қазақстандық әлі Маскат пен Оманның басқа қалаларында болмаған. Әрине, елдеріміз арасында қосымша тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылған соң азаматтарымыз Сіздің еліңізге әлдеқайда белсенді баратын болады. Сондай-ақ Сіздің сапарыңыз аясында Дунга мұнай кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қою рәсімі өткенін білдім. Бұл да өзара мүдделілігіміз бен алға ұмтылуға дайындығымыздың дәлелі әрі бірлескен ілгерілеудің символы деп ойлаймыз», – деді мемлекет басшысы.

Оман сұлтаны Қазақстан Президентіне көрсеткен қонақжайлығы үшін алғыс білдірді.

«Соңғы отыз жылда қатынастарымыз айтарлықтай нығайып, ілгеріледі. Бүгінгі сапарымыз қол жеткізген нәтижелерді бекітіп, екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Сапар барысында бірнеше келісім мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоямыз. Сіздің қолдауыңызбен экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салаларда берік байланыс орната алатынымызға сенімдімін. Оман азаматтарының Қазақстанға көбірек баруын, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының Оманға көбірек келуін қалаймыз. Сізге, мырза президент, көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін тағы да алғыс айтуға рұқсат етіңіз. Жақын арада Сізді Маскатта көруді де үміт етемін», – деді Хайсам бен Тарик әл-Саид.