Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өткен XXII Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, соның ішінде Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын талқылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, қазақ-ресей ынтымақтастығының негізгі бағыттары бойынша мазмұнды диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. «Біз өте ірі сауда серіктестеріміз. 2025 жылы сауда көлемі шамамен 28 млрд долларды құрады, әрі биылғы жылдың үрдісі өте оң. 2025 жылдың 5 айымен салыстырғанда, осы 5 ай өзара сауданың жақсы өсімін көрсетті. Инвестицияларға келер болсақ, Ресей біздің экономикамызға инвесторлар арасында бірінші орынға шығып отыр. Инвестиция көлемі 30 млрд долларға жуықтады. Өте қызықтысы, біздің екіжақты күш-жігерімізбен 177 перспективалы өнеркәсіптік жобаның пулы іріктелді, оның 122-сі жүзеге асырылды. Ал осы 177 жобаның жалпы көлемі 53 млрд долларды құрайды. Бұл қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, айтарлықтай көлем», — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, ресейлік көшбасшыға Омбыда Қазақ ұлттық университетінің филиалын ашуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы алғашқы атом станциясын бірлесіп салу жобасын іске асырудағы ілгерілеуді атап өтті.

«Маған Балқаш көлі маңындағы алаңда далалық жұмыстар аяқталып жатқанын хабарлады. Бұл жоба Қазақстан аумағында жаңа энергия түрін өндірумен ғана байланысты емес. Бұл жоба екі мемлекетімізді және ең бастысы, елдеріміздің халықтарын, әсіресе жас ұрпақты жақындастыратын жоба. Өйткені біз Ресейдің көмегімен техникалық кадрларды — жергілікті, қазақ кадрларын даярлау туралы сөз қозғап отырмыз. Олар кейін атом индустриясы сияқты өте күрделі салада жұмыс істей алатын болады», — деп санайды Президент.