Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германиядағы брифингте бұған дейін Омбыда айтқан соғысты тоқтата тұру туралы мәлімдемесіне түсінік беріп, Ресейдегі ахуалға да баға берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл сұрақты Мемлекет басшысына ARD телеарнасының тілшісі Демиан фон Остен қойды. Журналист Қазақстан Президентінен Омбыда соғысты тоқтата тұру қажеттігі туралы айтқан сөзін түсіндіріп, Ресейдегі жағдайға баға беруін сұрады.
«Бүгін мен айтарлықтай сеніммен айттым: Президент Путин мемлекет қайраткері ретінде, Ресейдің басшысы ретінде — сіздерге қаншалықты оғаш естілсе де — Орталық Азия үшін де, оның ішінде Қазақстан үшін де, Еуропа мен бүкіл әлем үшін де ең қолайлы саяси тұлға. Мен оны жақсы білемін, ол тарихы күрделі үлкен мемлекетті басқаруға қажетті қасиеттерге ие, өз елінің алдында тұрған стратегиялық мақсаттарын терең түсінеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті сондай-ақ Украинада болып жатқан жағдайды бәрі алаңдаушылықпен қадағалап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан басынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін ұстанатынын айтып келген.
«Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын құрметтеуге және сақтауға баса мән береміз. Басынан бастап украин халқын, оның тарихын, мәдениетін, дәстүрлерін және, әрине, украин тілін зор құрметтейтінімізді айтып келдік», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев соғысты тоқтата тұру туралы мәлімдемесінің мәнін нақтылады. «Мен соғысты дереу тоқтату керек деп айтқан жоқпын. Қазіргі жағдайда оның іске асуы екіталай екенін түсінемін. Мен Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтата тұрып, дипломатиялық немесе кез келген басқа да келіссөздер үдерісіне көшуді айтып отырмын», — деп келтіреді оның сөзін Ақорда.


