Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған жыл сайынғы үндеуінде цифрлық экономиканы құру және цифрлық технологиялардың азаматтар өміріндегі рөлі туралы айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллектіні коммерцияландыру, активтерді токенизациялау, блокчейн технологияларын дамыту және цифрлық платформалық экожүйелерді қалыптастыру жұмыстары іс жүзінде енді ғана басталды. Алда цифрландыруды экономикада практикалық пайдалану бағдарламасын әзірлеу тұр.
Президент миллиондаған қазақстандық күн сайын маркетплейстерді, тамақ жеткізу және такси шақыру сервистерін, сондай-ақ банк қызметтерін қоса алғанда, көптеген өзге де қызмет түрлерін пайдаланып жүргенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстан, мойындау керек, көптеген озық саналатын елден ілгері кеткен. Алайда, ол атап өткендей, алға жылжу қажет.
«Шынайы жоғары өнімді цифрлық экономиканы дамытуға қуатты серпін беру үшін бізде қажеттінің бәрі бар», — деді Тоқаев.
Ол ел жастарының білімді әрі креативті екенін, интернеттің қолжетімді екенін, дамыған цифрлық инфрақұрылым қалыптасқанын атап көрсетті. Бүгінде кез келген азамат банк шотын бірнеше минутта ашып, бөліп төлеуге өтінім беріп немесе үйден шықпай-ақ тауар сатып ала алады.
Мемлекет басшысының пікірінше, цифрландырудың келесі кезеңінде қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуден жеке мүмкіндіктерді кеңейтуге көшу қажет. Парадигманы өзгертіп, ел алдында тұрған міндеттерге басқа қырынан қарау керек.
«Біздің мақсатымыз – шынайы халықтық цифрлық экономика құру», — деді Президент.
Қоғамдық санада интернет тек тұтыну мен ойын-сауық кеңістігі ретінде ғана емес, сонымен бірге жасампаздық пен еңбектің виртуалды аймағы ретінде қабылдануы тиіс. Азаматтар үшін смартфондар уақытты өлтіретін қымбат ойыншық қана емес, тиімді жұмыс құралы болуы керек.
Осыған байланысты Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастырады.


