Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге және Федералдық канцлер Фридрих Мерцке Германия бірлігі күніне орай құттықтау жеделхаттарын жолдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігінің Ақордаға сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы бұл айтулы күн Германияның төзімділігі мен жасампаз күшін, оның прогресс пен өркендеу жолындағы сенімді қадамын бейнелейтінін атап өтті.
Президент сондай-ақ Германияға жақында жасаған ресми сапары барысында көрсетілген жылы қабылдау мен қонақжайлылық үшін шынайы ризашылығын білдіріп, өткен келіссөздердің мазмұнды сипатын жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде қол жеткізілген уағдаластықтар қазақ-герман стратегиялық әріптестігін тереңдетуге және басым салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Ол Франк-Вальтер Штайнмайер мен Фридрих Мерцке жауапты мемлекеттік қызметтерінде табыс, ал Германияның бауырлас халқына амандық пен одан әрі өркендеу тіледі.
Еске салайық, осы аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық президент Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен Германияға ресми сапармен барды. Сапар аясында Берлинде Германия Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық канцлер Фридрих Мерцпен келіссөздер өтті.
Онда Бавария премьер-министрі Маркус Зедер Қасым-Жомарт Тоқаевқа ойыншылардың қолтаңбалары қойылған Мюнхен футбол командасының атына жазылған футболкасын сыйлады.


