Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан басшылығына ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай құттықтау жеделхаттарын жолдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, құттықтау жеделхаттары Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке және түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Халық Маслахатының төрағасы Арқадағ Гурбангулы Бердімұхамедовке арналған.
Мемлекет басшысы бауырлас Түрікменстанның бұл мерекені беделді, дамыған мемлекет мәртебесінде қарсы алып отырғанын атап өтті. Оның жетістіктерінің негізінде түрікмен халқының келісімі мен бірлігі, бай мәдениеті және жасампаз рухы жатыр.
«Тәуелсіздік жылдарында еліңіз әлеуметтік-экономикалық жаңғыруда, азаматтардың әл-ауқатын арттыруда айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, позитивті бейтараптық қағидаттарында берік тұрған мемлекет ретінде халықаралық ұстанымын нығайтты. Қазақстан Түрікменстанмен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды, тату көршілік пен өзара қолдау рухындағы көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға зор мән береді», — делінген құттықтауда.
Қазақстан Президенті Түрікменстан басшылығына мемлекеттік қызметте жаңа жетістіктер, ал бауырлас түрікмен халқына игілік пен өркендеу тіледі.


