Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің азаматтары күңіреніп, тарихтан кінәлі іздеуге салынбауы керектігін айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Тарихты дұрыс түсіну — ең маңызды қабілеттердің бірі. Өткенге өкпелеу — болашақтан айырылумен тең. Айналасынан үнемі кінәлі іздеп, өз сәтсіздіктеріне сылтау табуға тырысатын адамды не бүкіл халықты қандай болашақ күтіп тұр? Мұндай ескірген әдеттерден арылу қажет. Күнделікті өмірде де күңіренбей, рух сергектігін және өзіне деген сенімді сақтау керек. Өсіп келе жатқан ұрпақты жүрексіздіктен, бәрінен кінәлі іздеу бейімділігінен және шамадан тыс үрейленуден сақтауымыз керек. Олар өз халқының тарихымен мақтанып, еліміздің болашағына сеніммен қарауы тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол жазушы Мұхтар Әуезовтің «Мықты мемлекет құрғың келсе — бала тәрбиесінен баста» деген сөзін еске салып, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Қазақ халқының басынан небір ауыр сынақтар өтті, бірақ олар оның рух қуатын, төзімділігін, қайсарлығын және өмірге деген құлшынысын сындыра алмады. Біз ата-баба дәстүрін, дінімізді, ана тілімізді және өзіндік болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдық пен жасампаздыққа ұмтылуымыз керек. Бүкіл халқымызға көлеңке түсіретін жат ағымдарды, сондай-ақ қараңғылық пен надандықтан басқа ештеңе әкелмейтін ескірген түсініктерді батыл тоқтату қажет. Бізге ұлт ретінде ұйысып, қоғамда жаңа этика қалыптастыру қажет. Сіздер — Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері — осы аса маңызды міндетті орындауға салмақты үлес қосасыздар деп сенемін», — деп қосты Тоқаев.