Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитеті 2026 жылғы Азия ойындарында марафондық спорттық жүрісте мәреге бірінші болып жеткен Ясмина Токсанбаеваның дисквалификациялану себептерін түсіндірді. Негіз ретінде спортшының аяқ киімінің үлгісі Дүниежүзілік жеңіл атлетика қауымдастығы (World Athletics) бекіткен тізімге сәйкес келмеуі аталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
27 қыркүйекте Токсанбаева Азиада-2026-да жеңіске жетіп, марафондық спорттық жүріс қашықтығын 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижемен бірінші болып еңсерді. Қазақстандық спортшы жақын қарсыласынан шамамен төрт минут озып, бастапқыда жарыс жеңімпазы деп жарияланды.
Мәреге жеткеннен кейін техникалық делегаттар ерлер мен әйелдер турнирлерінің үш жүлдегерінің аяқ киімін тексерді. Токсанбаеваның кроссовка үлгісі World Athletics мақұлдаған тізімде жоқ екені анықталды. Аяқ киімнің суреттері мен қажетті ақпарат халықаралық федерацияға жіберіліп, ресми қорытынды алынғанша марапаттау рәсімі кейінге шегерілді.
Кейін World Athletics қазақстандық спортшы пайдаланған үлгінің қолданыстағы талаптарға сәйкес келмейтінін растады. Халықаралық федерацияның ережелеріне сәйкес, мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылып, жарыстың қорытынды хаттамасы түзетіледі.
Жарыс аяқ киіміне қойылатын талаптар World Athletics Кеңесінің 2026 жылғы 19 наурыздағы шешімімен жаңартылып, 20 сәуірде күшіне енді. ҚР ҰОК нақтылағандай, өзгерістер туралы ақпарат барлық ұлттық федерацияларға жіберілген.
Осындай жағдай ағымдағы Азиадада бұған дейін де орын алған. Ирандық жетісайысшы Фатима Мохитзаденің нәтижесі де рұқсат етілген тізімге кірмеген аяқ киім үлгісіне байланысты жойылды. Хаттама қайта қаралғаннан кейін қазақстандық Алина Чистякова төртінші орыннан үшінші орынға көтеріліп, қола медаль алды.
ҚР ҰОК World Athletics, Азиялық жеңіл атлетика қауымдастығы, Азия олимпиадалық кеңесі және Қазақстан жеңіл атлетика федерациясымен ынтымақтастықты жалғастырып жатқанын хабарлады. Тараптар апелляция беру мүмкіндігін де қарастыруда.


