Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Толғау
Таң атты.
Келіп қалды ғажайып жыл,
Кел, ақын, керемет бір жазайық жыр.
Томырық лирика, тоқтай тұршы,
Толқынды толғау неге азайып жүр?
Кел, ақын, керемет бір жазайық жыр.
Осалдан емес еді шарық-шамаң,
Дайда үнің қыран болып қалықтаған?
Кідіріп, кібіртіктеп баса алмайсың,
Шопанның шауқарындай арықтаған,
Қайда үнің қыран болып қалықтаған?!
Шықшы бір Ілиястай саңлақтанып,
Отыршы өз орныңа таңдап барып.
Бұйығы үн, бұлақ - сезім аулақ қалып,
Төңкеріл толқын болып, аунап барып.
Шықшы бір Ілиястай саңлақтанып.
Шабыттансаң шарқ ұрып кетерің шын,
Жырыңнан жалын лаулап, от өрілсін.
Тізгінін тежемеген Ілияс - жыр,
Мінбеге Тайыр болып көтерілсін.
Үнінен жалын лаулап, от өрілгін.
Кел, ақын ойлан, ақын; толған, ақын.
Шын ақын шын қырандай қомданатын.
Кезің келді Сәкен боп ұран тастап,
Қасымдай жүрегімен толғанатын,
Қаламын қаруындай қолға алатын.
Олар жоқ, бәрі бір-бір дастан еді,
Қондырған алақанға асқар елі.
Болса егер Сәкен, Ілияс, Қасым, Тайыр,
Жұртын бір желпіндіріп тастар еді,
Осынау жыр бәйгесін бастар еді.
Оқушым, мынау неге бөсті деме,
Жыр қалып, әңгімеге көшті деме.
Есімі есіл біздің ақындардың
Елі ескірмей, сірә да, ескіре ме?
Оқушым, неге орынсыз бөсті деме!
Олар да осынау жылды армандаған,
Оттың басын күйіттеп, алданбаған.
Кезінде оқ боп, от боп жанған қалам,
Толқынды толғау жырдан арланбаған.
Қолыма беріңдерші, ағайындар,
Қайда жүр аруақтардан қалған қалам?!
Кернеуіндей көмейлері күмбірлеген,
Тулаған тұлпарларды кім білмеген.
Жазайын жырларыңның жалғасын мен,
Жазуға жарқындарым үлгірмеген...
Жыл келді ғажайып бір ақ таңымен,
Бақ таңымен, ақ ұлпа ақ қарымен.
Көркем екен, мынау жыл көрікті екен,
Парағын жылнаманың ақтарып ем.
Дүние, тойлайды екен шаттанып ел.
Ал, ақын, ақтара гөр халқыңа сыр,
Бөле жырға, еліңнің даңқын асыр.
Бір отауы - Отанның Қазақстан,
Іргесін көтергелі жарты ғасыр,
Сен соны мадақтай біл, даңқын асыр.
Жеткіз жұртқа бүгінін, өткендерін,
Қысын, күзін, жазы мен көктемдеріп.
Жадында тұтсын ұрпақ, жасырмай айт:
Ақтабан шұбырынды өткелдерін,
Аруды арам жандар өпкендерін,
Боз інген ботасы өлген бой жаза алмай,
«Елім-ай»
Аруана шөккен жерін.
Өлшесін бүгінімен өткендерін!
Көре алмай Жерұйықтың көк белдерін,
Көрсет Асан запыран төккен жерін.
Түсінсін де тұшынсын бақытты үрпақ,
Бабалары не жаңа шеккендерін!
Октябрьді айт бұрқанған, дауылдаған,
Қазақ жері құшақтап, қабылдаған.
Октябрьді - бүгінгі бақытыңды айт,
Меке барса бабалар табылмаған.
Қара бұлты басынан арылмаған,
Қалай менің өзгерді тауым, далам.
Октябрьді айт. Октябрь - бауыр маған.
Келді биыл елуге елім менің
Ауыр бұлтым арылды, жеңілдедім.
Октябрьді айт!
Кешегі қазақ елі
Шуақ болып космостан төгілгенін,
Дүниеге дән болып себілгенін.
Барлығын айт.
Бірін де жасырмағын,
Есептелсін алтынмен асылдарың.
Тұтқанын айт қазақтың қара бұлтты,
Электр боп әлемге шашылғанын.
Түн бойы батып, таң болып ашылғанын.
Мақтанып айт фашисті жеңгеніңді,
Барлығын да майданға бергеніңді.
Қойшы болып аттанып Атбасардан,
Жеңімпаз боп Берлинге төнгеніңді,
Қолбасы фюрердің «алтын» басы,
Қойшыбаевқа олжа боп, өңгерілді.
Жиырма бес, мінеки, жыл өтіпті,
Жиырма бес...
Дүние жыр етіпті.
Біз жеңген жиырма бес жылдан бері
Европа тастады құл-етікті.
Жеңісті айт,
Қазақ қанын аямаған,
Отанды айт,
Өз баласын аялаған,
Қазақтың даласын айт,
Бүкіл Одақ
Сая ғып сын сағатта саялаған.
Биылғы жыл барлығы келеді еске:
Екіталай жеңгенім ерегесте,
Одаққа оқ атқанда,
Қазақстан,
Кеудесін оққа қосқан сен емес пе ең?!
...Биыл той Ленин деп басталады,
Ленин-дүниенің тас қамалы.
Әр жылда біздің әрбір қуанышты,
Ильичтің өзі келіп басқарады.
Ильич деп күннің аты басталады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама