Қазақстанда Қанды қаңтар оқиғасына төрт жыл толғалы жатқан шақта, халықаралық сарапшылар бұл оқиға Қасым-Жомарт Тоқаевтың толық билікке ие болуына жол ашқанымен, елдегі саяси жүйені түбегейлі өзгерте алмағанын айтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
The Diplomat басылымы жариялаған талдауға сәйкес, қазіргі үкімет "Жаңа Қазақстан" ұранымен ескі элитаны ығыстырғанымен, суперпрезиденттік жүйені сақтап қалды. Сарапшы Димаш Әлжановтың айтуынша, 2022 жылдан бері Тұңғыш Президенттің отбасы мен жақын айналасына тиесілі активтерді қайтару процесі қарқынды жүріп жатыр. Алайда бұл процесс ашық болмағанына күдік бар. Ресми мәлімет бойынша, Қайрат Сатыбалды мемлекетке 1,6 миллиард доллар құнындағы актив қайтарған. Оның ішінде "Қазақтелеком" акциялары, жылжымайтын мүлік және қымбат әшекейлер бар. Қайрат Боранбаев 270 миллион доллар активін тапсырып, бостандыққа шықты.
Дегенмен, шетелдік басылымның пайымдауынша, бұл шаралар олигархиялық жүйені жойған жоқ, тек байлықты элита ішінде қайта бөлуге қызмет етті. Мысалы, бұрын Назарбаев қорына қарасты Jusan банкі мен болат өндіретін Qarmet (бұрынғы ArcelorMittal) жаңа инвесторлардың қолына өтті. Ескі Қазақстан өкілдері кеткенімен, олардың орнын жаңа лоялды бизнесмендер басып отыр.
Мақалада көтерілген басты мәселе – алдағы саяси кезең. Қазіргі президенттің мандаты 2029 жылы аяқталады. Сарапшылардың болжамынша, Ақордада екі сценарий қарастырылуы мүмкін: Конституцияны өзгертіп мерзімді ұзарту немесе билікті мұрагерге беру операциясын дайындау. Осы орайда, 2027 жылы референдум өтіп, Парламент құрылымы өзгеруі мүмкін. Жоспар бойынша, Сенат (жоғарғы палата) жойылып, бір палаталы парламент құрылуы ықтимал. Бұл өзгеріс президентке билік транзитін бақылауды жеңілдету үшін жасалуы мүмкін қадам ретінде бағалануда.


