Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жекте жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

2 қазанда Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында бокс турнирінің финалдық жекпе-жектері басталды. Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Төрехан Сабырхан рингке Иордания спортшысы Зеяд Ишаишаға қарсы шықты. Отандық боксшы төрешілердің бірауыздан шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Сонымен қатар екінші және үшінші раундтарда төрешілер Ишаишадан бір-бір ұпайдан алып тастады.

Осылайша, Төрехан Сабырхан Қазақстан бокс құрамасына ағымдағы Азиада-2026 ойындарындағы алғашқы алтынды әперді.

Айта кетейік, 20 жастағы Сабырхан — 2025 жылғы әлем чемпионы, сондай-ақ жастар деңгейіндегі Азия чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы.

Бүгін бокс турнирінің финалында ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай да өнер көрсетеді. 90 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі алтын медаль үшін ол өзбекстандық Жаҳонгир Зокировпен жұдырықтасады.