1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстандағы жалпы инфляция 9,2%-ды құрады. Бұл көрсеткіш азық-түлік пен қызметтердің қымбаттауына ғана емес, азаматтардың зейнетақы жинақтарының құнсыздануына да тікелей әсер етеді. Жинақтарды қорғау үшін олар қосымша табыс алу мақсатында түрлі қаржы құралдарына үнемі салынып отырады, ал түскен кіріс салымшылардың шоттарына бөлінеді. Бұл жұмысты Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен алты жеке инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) атқарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректеріне сәйкес, Ұлттық банктің екі портфелі бар. Біріншісінде ол міндетті және ерікті жарналар есебінен қалыптасатын активтерді басқарса, екіншісінде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) есебінен түсетін қаражатты инвестициялайды.

Ұлттық банк басқаратын негізгі портфельде шамамен 28,5 трлн теңге бар. 1 қарашадағы жағдай бойынша оның кірістілігі жыл басынан бері 4,4%-ды, ал соңғы бір жылда 4,2%-ды құрады. ЖМЗЖ бар екінші портфельдің кірістілігі айтарлықтай жоғары әрі инфляциядан асып түседі: жыл басынан бері — 13,5%, бір жылда — 19,2%. ЖМЗЖ портфелінде барлығы шамамен 1,4 млрд теңге бар.

1 қарашада барлық ИПБ басқаруында шамамен 268,6 млрд теңге болды. Кейбір басқарушылар Қазақстандағы жалпы инфляциядан айтарлықтай асып түсетін кірістілік көрсетті. Мәселен, Alatau City Invest басқаруында 41,7 млрд теңге бар: жыл басынан бері ИПБ 7%, ал бір жылда 9,5% кірістілік көрсетті. BCC Invest 39,1 млрд теңге көлеміндегі активтерді басқарады: жыл басынан бері кірістілік 9,4%, бір жылда — 10,5% болды.

«Сентрас Секьюритиз» 68 млрд теңгені басқарып, жыл басынан бері 13,3%, бір жылда 14,8% кірістілікке қол жеткізді. Halyk Finance 110,6 млрд теңге көлеміндегі активтерді басқарады: жыл басынан бері 9,3%, бір жылда 10,1% кіріс әкелді. Halyk Global Markets портфелінде 6 млрд теңге актив бар, кірістілік жыл басынан бері 7,7%, бір жылда — 8,9% болды. Tansar Capital 3,2 млрд теңге көлеміндегі активтерді басқарады; бұл ИПБ 2026 жылғы 8 сәуірден бастап жұмыс істей бастағандықтан, инвесткіріс осы күннен бастап есептеледі — 1,3%.

Айта кетейік, 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар барлық зейнетақы жинақтарын жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) аудару мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін біз 7 қыркүйек пен 14 қазан аралығында қазақстандықтардың ИПБ-ға 92 млрд теңгеден астам қаражат аударғанын жазған болатынбыз. Жалпы алғанда, қыркүйек пен қазан айларында салымшылар инвестициялық портфельді басқарушыларға барлығы 118,8 млрд теңге жіберді. Жинақтарды ИПБ-ға аударуға сұраныстың артуы азаматтардың өз жинақтарын басқаратын компанияны өз бетінше таңдап, болашақ зейнетақысының мөлшеріне ықпал еткісі келетінін көрсетуі мүмкін.