Қазақстанда коллекторлық агенттіктер тізілімінен бірден төрт ұйым шығарылды. Борышкерлермен және үшінші тұлғалармен қарым-қатынас кезіндегі жүйелі әділетсіз әрекеттер себеп болды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) жүргізген тексеру бірқатар қазақстандық коллекторлық агенттіктердің жұмысында жүйелі бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, борышкерлермен қарым-қатынас кезіндегі әділетсіз әрекеттер анықталды.

ҚНРДА-ның 2026 жылғы 16 қарашадағы бұйрықтары негізінде коллекторлық агенттіктер тізілімінен мыналар шығарылды: «Seven» коллекторлық агенттігі» ЖШС (№6 бұйрық); «iCollect» коллекторлық агенттігі» ЖШС (№78 бұйрық); «Каз Инвест Коллекшн» коллекторлық агенттігі» ЖШС (№7 бұйрық); «Табыс» коллекторлық агенттігі» ЖШС (№43 бұйрық).

Тізілімнен шығару аталған ұйымдарды коллекторлық қызметпен айналысу құқығынан айыратыны атап өтілді. Бұл компаниялар тізілімнен шығарылғаны туралы хабарлама алған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде тиісті кредиторларды, борышкерлерді және сенімгерлік басқару шарттары жасалған тұлғаларды бұл жөнінде хабардар етуге міндетті.

Сонымен қатар хабарлама алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде компаниялар атауынан «коллекторлық агенттік» деген сөздерді және олардан туындайтын, коллекторлық қызметпен айналысуды білдіретін сөздерді алып тастай отырып, қайта тіркеу рәсімін өткізуге тиіс.

«Бұл ретте коллекторлық агенттікті тізілімнен шығару борышкерлерді банк займы шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша міндеттемелерін орындаудан босатпайды», — деп хабарлады баспасөз қызметі.