Трассадағы қауіпті жарыс видеосы Ақмола облысы полицейлеріне жетті. Екі жүргізуші де табылып, жазаланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана-Петропавловск тас жолында екі жүргізушінің қауіпті маневрлері полиция қызметкерлерінің тексеруіне ілікті. Жоғары жылдамдықпен бірін-бірі басып озған көліктердің видеосы әлеуметтік желіде жарияланып, пайдаланушылардың наразылығын тудырды.

Қауіпті жүрістің куәгерлері оқиғаны видеоға түсіріп қана қоймай, жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды. Мұндай жарыстар қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.

«Жарияланымнан кейін патрульдік полиция қызметкерлері екі бұзушының да жеке басын анықтады. Бір жүргізуші Астанадан табылды. Екіншісі полицейлермен кездесуден қашпақ болып, телефон қоңырауларына жауап бермеді, алайда бейнебақылау камераларының арқасында оның көлігі Бурабай курорттық аймағында анықталып, сол жерде ұсталды», — деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.

Екі жүргізушіге де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік материалдар жасалды. Полицейлермен әңгіме кезінде ер адамдар кінәсін мойындап, бұдан былай өздері мен басқа жол қозғалысына қатысушыларды қауіп-қатерге ұшыратпайтындарына сендірді.