АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі маңызды минералдарды өндіру және аккумулятор компоненттерін шығару жобаларына $3 млрд бағыттайды. Вашингтон бұл арқылы елдің қорғаныс-өнеркәсіп базасын нығайтып, Қытайдан тәуелділікті азайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл туралы Трамп 7 тамызда АҚШ Мемлекеттік департаментінде тау-кен компанияларының 200-ден астам басшыларымен, инвесторлармен, білім беру мекемелерінің өкілдерімен және саясаткерлермен кездесуде мәлімдеді.

«Біз Америкаға әлемдік минералдық супердержава ретіндегі лайықты орнын қайтарамыз», — деді американдық президент.

Қаржыландырудың ең үлкен бөлігі — Пентагонның Sila Nanotechnologies компаниясына беретін $1,4 млрд шартты несиесі. Тағы $400 млн Sunrise Energy Metals компаниясына скандий кен орнын игеруге, $150 млн магнит өндіруші Niron Magnetics компаниясына беріледі.

АҚШ Экспорт-импорт банкі маңызды минералдармен жұмыс істейтін үш компанияға $58 млн бөледі.

Вольфрам, сирек жер металдары, германий және скандий зымырандарды, истребительдерді, броньды техниканы және басқа да заманауи қару-жарақтарды өндіруде қолданылады. АҚШ-тың мұндай шикізатқа қажеттілігі Иранмен соғыс аясында өсті. Reuters деректеріне сүйенсек, американдық күштер бес айлық қақтығыс кезінде айтарлықтай көп ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс перехватчиктерін қолданды. Пентагон кейбір қорларды қалпына келтіру жылдарға созылуы мүмкін екенін ескерткен.

Бұған дейін «Курсив» АҚШ-тың маңызды минералдарға деген қызығушылығы Қазақстанға да әсер еткенін жазған болатын. Мамыр айында Cove Kaz Capital Group LLC компаниясы «Самұрық-Қазына» құрылымына кіретін және аттас вольфрам кен орнын игеретін «Солтүстік Қатпар» компаниясының 70% үлесін сатып алу мәмілесін аяқтады. Бұл компанияға АҚШ президентінің ұлдары Дональд Трамп-кіші және Эрик Трамп қатысты. Мәміле сомасы $114,8 млн құрады. Мәміле 2026 жылдың 13 ақпанында басталған, деп хабарланған «Тау-Кен Самұрық» қаржылық есептілігінде. Қазақстанда өндірілген вольфрам АҚШ-қа, Еуропаға, Жапонияға және Кореяға жеткізілуі мүмкін.