Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Вашингтонның Беларусьтен калий тыңайтқыштарын сатып алу туралы «ауқымды мәміле» жасасуға дайындалып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл туралы американдық көшбасшы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды. Оның айтуынша, АҚШ Беларусь калий тыңайтқыштарын жеткізуге арналған ірі келісімшарт бойынша жұмыс жүргізуде.

«Америка Құрама Штаттары Беларусьтен калий тыңайтқыштарын сатып алу бойынша ауқымды мәміле жасауға дайындалып жатыр. Бағасы біз қазір Канадаға төлеп жатқан бағадан айтарлықтай төмен болады. Бұл фермерлеріміз бен мал өсірушілеріміз үшін өте жақсы жаңалық. Осы мәселеге назар аударғандарыңызға рақмет!» — деп жазды Дональд Трамп.

Бұған дейін наурыз айында Беларусь президенті Александр Лукашенко АҚШ-пен «үлкен мәміле» жасасуға дайындық туралы мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, келісім «бірқатар мәселелерді» қамтиды.

Сонымен қатар, тамыз айының соңында Канада премьер-министрі Марк Карни АҚШ-қа қарсы «долларға доллар» мөлшерінде қарсы баж салығын енгізу ниетін хабарлаған.

Оған жауап ретінде Дональд Трамп Канаданың саясатын сәтсіз деп атады, ал ел басшылығын, соның ішінде премьер-министр Марк Карни мен Онтарио провинциясының премьері Даг Фордты құзыретсіз деп бағалады.