АҚШ президенті Дональд Трамп Flydubai ұшағының кабинасында болған шабуылдан кейін израильдік сантехник ұшақты құтқаруға көмектескенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Алайда ол бұл оқиғаны Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен басқа да адамдардың сөзінен жеткізіп отырғанын және оның қаншалықты шынайы екенін білмейтінін атап өтті.
Ақ үйде журналистердің сұрақтарына жауап берген АҚШ президенті бұл оқиғаны Нетаньяхумен талқылағанын айтты.
«Мен Бибимен [Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху] осы оқиға туралы сөйлестім. Екінші ұшқыш террорист немесе, мүмкін, жынды болған шығар, ол ұшқышты пышақпен ұрды», — деді Трамп.
Оның айтуынша, жараланған командир кабина есігін аша алған, содан кейін сантехник болып жұмыс істеген жолаушы көмекке келген. Ол екінші ұшқышты орындықтан сүйреп шығарған, ал басқа жолаушылар оны залалсыздандыруға көмектескен.
Трамптың сөзінше, сантехник кейін қатты төмендеп бара жатқан ұшақты басқаруға араласқан.
«Ұшаққа ешқашан мінбеген израильдік сантехник бұл жігітті орындықтан сүйреп алып, артқа лақтырды, штурвалды ұстап, көтерді — және апатқа бір секунд қалғанда ұшақты теңестірді», — деп әңгімеледі АҚШ президенті.
Трамптың айтуынша, жолаушы өз әрекетін Air Disasters телебағдарламасын көргенімен түсіндірген. Кейінірек басқаруды ұшақта болған ұшқыштар қолға алған.
Трамп алынған мәліметтердің шынайылығын тексермегенін бөлек атап өтті.
«Бұл — мен естіген әңгіме. Шындық па, білмеймін, бірақ бұл — Биби мен тағы бірнеше адамнан естігенім», — деді американдық президент.
Оқиға 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке ұшқан FZ1073 рейсінде болған. Ұшақ Сауд Арабиясының Табук қаласына шұғыл қонған.
Reuters агенттігінің израильдік ресми тұлғаларға сілтеме жасап хабарлауынша, жолаушылар мен экипаж мүшелері екінші ұшқышты залалсыздандырған. Қонуды ұшақта болған Flydubai компаниясының басқа екі ұшқышы жасаған. Flydubai асығыс болжамдардан аулақ болуға шақырды.
Бұған дейін «Курсив» бортта болған оқиғаның бірнеше нұсқасын жазған. БАҚ-та ұшқыштардың азаматтығы туралы қайшылықты мәліметтер пайда болды: әуелде екінші ұшқыш — украин, ал командир — ресейлік деп хабарланған. Кейінірек бұл ақпарат жоққа шығарылып, екінші ұшқыш Оман азаматы деп аталды. Ресей Федерациясының Бас консулдығы ұшақта ресейліктер болмағанын мәлімдеді.
Оқиғаның себептері әзірге анықталған жоқ. Талқыланып жатқан нұсқалардың қатарында жеке психологиялық мәселелер мен теракт жасау әрекеті бар.


