АҚШ президенті Дональд Трамп Дания мен Гренландиямен келісімге қол қойылғанын жариялады. Оған сәйкес Вашингтон арал қауіпсіздігін тұрақты бақылауға алады. Бұл туралы Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Reuters, infohub.kz сайтына сілтеме жасап.

Трамптың айтуынша, келісім АҚШ-қа Гренландия аумағында аралды және өз ұлттық қауіпсіздігін қорғау үшін қажет деп тапқан кез келген әрекетті мерзімсіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«АҚШ Гренландияда оны қорғау үшін қажеттінің бәрін жасауға мәңгілік толық мүмкіндік алады», — деді Трамп.

Америка президенті АҚШ қарсылас санайтын елдер енді Гренландияда әскери база орналастыра алмайтынын, өзге де әскери қатысуын құра алмайтынын немесе Вашингтонның жазбаша рұқсатынсыз «сезімтал инвестициялар» жасай алмайтынын да мәлімдеді.

Трамп қол жеткізілген уағдаластықты «шексіз мерзімге» арналған келісім деп атады. Оның сөзінше, ол АҚШ-тан қосымша шығын талап етпейді. Вашингтон аралдың жекелеген аудандарында айтарлықтай әскери қатысу құруға кіріспек.

Сонымен қатар келісім Гренландияны АҚШ-қа беруді көздемейді. Арал Дания Корольдігі құрамындағы автономиялық аумақ болып қала береді. Бұған дейін Трамп Гренландияны АҚШ-тың толық бақылауына алғысы келетінін бірнеше рет мәлімдеген.

Президенттің мәлімдемесіне дейін Reuters Вашингтон мен Копенгаген аралдағы американдық әскери қатысуды кеңейту туралы келісімге жақындағанын хабарлаған. Келіссөздер Golden Dome зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің элементтерін ықтимал орналастыруды және аймақтағы Қытайдың белсенділігін шектеуді қозғады.

АҚШ Гренландияда Питуффик ғарыш базасын әлдеқашан орналастырған. Аралдағы американдық әскери қатысу Даниямен 1951 жылғы келісіммен реттеледі.