АҚШ президенті Дональд Трамп ФИФА президенті Джанни Инфантиноға қолдау білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Трамп қолдау сөздерін Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. «ФИФА егер қандай да бір себеппен президент Джанни Инфантиноны ауыстыруды ойласа, бұл өте үлкен қателік болар еді. Ол өз жұмысын тамаша атқарып жатыр — дәл оның басшылығымен тарихтағы ең сәтті әлем чемпионаты өтті, әрі менің айтуымша, ол алдыңғылардан төрт есе сәтті болды. Егер ол бұл қызметте болмаса, келесі әлем чемпионаты ешқашан мұндай сәтті немесе табысты болмайды!» — деді Ақ үйдің басшысы.
Бұған дейін ФИФА әлем чемпионаттарының — ерлер, әйелдер және клубтық — құқықтарын жеке инвесторларға сату жобасын құрған болатын. Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) барлық мүшелері бұған жауап ретінде осы бастамадан толық бас тартқанға дейін ФИФА турнирлеріне бойкот жариялады. УЕФА ұстанымын Америка және Азия конфедерациялары қолдады. Олардың барлығы ФИФА-ны жаңа коммерциялық тұжырымдаманы қалыптастыру кезінде жеткілікті ашықтық танытпады деп айыптады.
Жанжал аясында ФИФА басшысының кеңесшісі наразылық ретінде жұмыстан босатылғаны белгілі болды. УЕФА тіпті әлем чемпионатының өз нұсқасын өткізу жоспарын әзірледі.
Осыдан кейін ФИФА әлем чемпионатының құқықтарын сату бойынша жанжалды жоспардан бас тартты. Көп ұзамай ФИФА басшылығы Инфантиноға қолдау білдіріп, ӘЧ құқықтарын сату жобасындағы қателіктерді мойындады.
Сонымен қатар, жақында Халықаралық футбол федерациясы Инфантиноның беделіне нұқсан келтіру әрекеттері туралы мәлімдеді. Жанжал аясында бірқатар футбол федерациялары ФИФА президенті Джанни Инфантиноны сынаған ашық хат жариялады. Ал американдық футбол федерациялары ФИФА басқару құрылымында өзгерістер енгізуге шақырған бірлескен мәлімдеме жасады.


