АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы «жойқын экономикалық операция» басталғанын мәлімдеп, басқа елдерді салдар туралы ескертті, деп хабарлайды infohub.kz.

Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Иранға келісім жасауға одан артық мүмкіндікті ешкім бермегенін, алайда ел бұл мүмкіндікті пайдаланбағанын жазды.

«Бүгін мен кез келген елге қарсы жүргізілген ең жойқын экономикалық операцияның басталғанын жариялаймын! Бұл теңдесі жоқ ауқымдағы экономикалық соғыс пен оқшаулау болады», — деді американдық көшбасшы.

Ақ үй басшысы басқа елдерге ескерту жасады: «Қаржы институттарына, кәсіпорындарға, әуежайларға немесе мемлекеттік құрылымдарға Иранға қандай да бір қолдау көрсетуге рұқсат берген кез келген ел өзі де орасан зор экономикалық салдарға тап болады. Бұл экономикалық "D-DAY" болады және бізге барлық одақтастарымыздың АҚШ-пен иық тіресіп, ирандық қауіпті оқшаулау және жеңу үшін бірігуі қажет», — деп қосты Трамп.

Сонымен қатар, АҚШ президенті Иранда «ешқашан ядролық қару болмайды» деп тағы да мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Ормуз бұғазы бейнеленген және «АҚШ-тың жаңа аумағы» деген жазуы бар картаны жариялаған еді. Бұған жауап ретінде Иран СІМ басшысының орынбасары Казем Гарибабади Иран АҚШ президентінің «қате түсініктерін түзететінін» мәлімдеді.

Сонымен қатар, американдық президент қазір АҚШ пен Иран арасында ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін және жоспарланбайтынын айтты.