Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Иранға қатысты жаңа ауыр айыптаулар айтты. Оның сөзінше, Тегеран АҚШ парламентіне өтетін аралық сайлау қарсаңында әлемдік мұнай бағасына әдейі ықпал етуге тырысып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында АҚШ көшбасшысы Иранның түрлі қысым әдістеріне, соның ішінде шабуылдар мен миналар туралы жалған хабарламалар таратуға барғанын мәлімдеді. «Иран АҚШ-тағы аралық сайлау алдында мұнай бағасын көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Олар тіпті шабуылдар, миналар және тағы басқалар туралы жалған хабарламаларды ойдан шығарып отыр, ал қазір Ормуз бұғазы арқылы қақтығыс басталғанға дейінгіден де көп мұнай өтіп жатыр», — деп жазды АҚШ Президенті.
Сонымен қатар Дональд Трамп ирандық билікті наразылық акцияларына қатысушыларды және өз жолына түскен басқа да адамдарды өлтірді деп айыптады. «Олар наразылық білдірушілерді және алдарына түскеннің бәрін өлтіруді жалғастырып отыр. Бұл шынымен де зұлым режим, мен американ халқы мен бүкіл әлем олардың қаншалықты зұлым екенін түсінеді деп үміттенемін! Жеті айға жетпейтін уақыт ішінде 75 000 наразылық білдіруші қаза тапты. Әлем мен Демократиялық партияға бұл мәселеге қызығушылық танытпайтын сияқты — таңғаларлық», — деді АҚШ Президенті.
Жазбасының соңында Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ұстанымын тағы да атап өтті. «Иран ешқашан ядролық қаруға ие бола алмайды және ешқашан ядролық қаруы болмайды!» — деп мәлімдеді ол.


