АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жеті күндік атысты тоқтату бастамасын ашық түрде қабылдамады. Алайда Вашингтонның Тегеранға делдалдар арқылы беретін түпкілікті жауабы әзірге жеткізілген жоқ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
РБК агенттігінің мәліметінше, АҚШ көшбасшысы Иранның жеті күнге соғыс қимылдарын тоқтатып, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта бастау жоспарынан бас тартқанын растады.
«Мен олардың мәмілесінен бас тартамын. Олар Ормуз бұғазын дереу ашатын мәміле жасағысы келеді, өйткені олар күйрете жеңіліс тауып отыр. (...) Олар мәміле жасағысы келеді. Меніңше, бұл қалыпты жағдай. Мен де мәміле жасасуды ұнатамын. Бірақ бұл мәміле қабылданбайтын еді», — деді Ақ үй басшысы Оңтүстік көгалда журналистердің сұрақтарына жауап беріп.
Сонымен қатар РИА Новостидің дерегінше, Иран делдалдардан АҚШ-тың жеті күндік жоспарға қатысты түпкілікті жауабын әлі алған жоқ.
«Біз АҚШ президентінің алғашқы реакциясын көрдік, алайда делдалдар арқылы бізге ештеңе жеткізілген жоқ», — деді Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи ирандық БАҚ-қа.
Ирандық министр АҚШ президенті көптеген қарама-қайшы мәлімдеме жасайтынын қосты.
«Біз делдалдардың түпкілікті ұстанымын күтеміз, соның негізінде шешім қабылдаймыз», — деп толықтырды Аракчи.
Ол Ормуз бұғазын ашу мәселесіндегі кез келген ілгерілеу АҚШ-тың Иран қойған шарттарды орындауына байланысты екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Иран делдалдар арқылы Трамп әкімшілігіне Ормуз бұғазын бір аптаға ашуды ұсынған болатын. Уақытша атысты тоқтату жоспары БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында таныстырылған еді.


