АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жасалатын ауқымды әскери шабуылды тоқтатқанын және «келісім шарттары» келісілгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол сенбі күні кешке Truth Social платформасында жазды. Бұған дейін америкалық БАҚ Вашингтон мен Израиль Иранның энергетикалық инфрақұрылымына соққы беруге дайындалып жатқанын хабарлаған еді.
Трамптың айтуынша, бұл шешім Иран мен Таяу Шығыстағы басқа елдердің «келісім шарттары келісілгендіктен шабуылды тоқтату» өтінішіне жауап ретінде қабылданған. Ол келісімнің тез арада жасалуы шартымен келіскен.
Ол келісім «ОРМУЗ БҰҒАЗЫНЫҢ ДЕРЕУ, ТОЛЫҚ ЖӘНЕ ТҮПКІЛІКТІ АШЫЛУЫНА» әкелетінін және Иранның «ядролық қаупіне» нүкте қоятынын айтты. Тегеран тарапынан бұған әзірге ресми жауап жоқ.
Сенбі күні таңертең Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Сауд Арабиясындағы әріптесіне АҚШ пен Израильдің кез келген шабуылына «лайықты жауап» берілетінін айтқан. Американдық Axios сайтының хабарлауынша, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман сенбі күні Трампқа қоңырау шалып, соққыны тоқтатып, келіссөздерге оралуды өтінген. Бұл туралы мәселеден хабардар дереккөзге сілтеме жасап, сайт жазды.
Трамп жұма күні АҚШ Иранға «қатты соққы» беретінін айтқан болатын. Сенбі күні АҚШ Мемлекеттік департаменті аймақтағы 10 елдегі америкалықтарға қауіпсіздік ескертулерін жариялап, шиеленістің артуына байланысты сақтық шараларын күшейтуге және елден кетуді қарастыруға шақырды.


