АҚШ президенті Дональд Трамп Канада тауарларына 50 пайыздық баж салды – тиісті құжаттарға қол қойылды, деп хабарлайды NUR.KZ Ақ үйдің сайтына сілтеме жасап.

Бірқатар канадалық тауарларға 50 пайыздық баж салу – АҚШ-тың пікірінше, Канаданың американдық өнімдерге кемсітушілік қатынасына жауап ретінде енгізілді. Баждар қол қойылғаннан кейін 30 күн өткен соң күшіне енеді.

«Осылайша, президент Трамп канадалық саясаттың американдық саудаға келтірген залалын өтеуге және АҚШ-тың негізгі экспорттық тауарлары – автомобильдер, алкоголь және сүт өнімдері үшін тең бәсекелестік жағдайын қамтамасыз етуге ұмтылады», – делінген мәлімдемеде.

Баждар АҚШ-Мексика-Канада келісімінің шарттарына қарамастан, оның қолданысына жататын барлық тауарларға қолданылады. Жаңа тарифтер энергия ресурстарына, калий тыңайтқыштарына, 232-бап бойынша бұрын баж салынған тауарларға, сондай-ақ балық пен маңызды пайдалы қазбаларды қоса алғанда, кейбір басқа санаттарға таралмайды.

«Трамп әкімшілігі президенттің Канаданы американдық саудаға қатысты кемсітушілік пен әділетсіздік үшін жауапкершілікке тарту шараларын қабылдап жатқанын мәлімдейді, бұл Ақ үйдің пікірінше, американдық жұмысшылар мен компанияларға зиян келтіреді», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, жақында Трамп Канададан орман өрттерімен күресте белсенді шаралар талап етіп, жаңа баждар енгізу қаупін төндірген еді.