АҚШ президенті Дональд Трамп американдық әскерилер Иранның Кешм аралы маңындағы зениттік қондырғыға соққы бергенін хабарлады. Оның айтуынша, нысанды істен шығаруға 15 минуттан аспайтын уақыт кеткен, деп жазады infohub.kz сайты.
«Біз шағын соққылар жасаймыз, бірақ олар нысандарды істен шығарады. Олар (ирандықтар. — ред. еск.) шағын зениттік қондырғы тұрғызыпты, біз оны шамамен 15 минутта, мүмкін бес минутта істен шығардық», — деді ол журналистерге.
Сенбіге қараған түні Иранның оңтүстігіндегі аралда бірқатар жарылыс болғаны туралы хабарланған. Кейінірек IRIB мемлекеттік телеарнасы әуе қорғаныс күштері осы ауданда американдық MQ-9 Reaper ұшқышсыз ұшағын жойғанын нақтылады.
Маусым ортасында Вашингтон мен Тегеран бейбіт процесті бастауға тиіс меморандумға қол қойған. Алайда үш аптадан кейін соққылар қайта жалғасты. Содан бері тараптар жағдайды реттеуге әрекет жасап келеді, бірақ келіспеушіліктерге байланысты олар әзірге нәтиже бермеді.
Қыркүйек аяғында Иран АҚШ-қа теңіз блокадасы мен экспортқа қойылған шектеулерді алып тастауға айырбас ретінде Ормуз бұғазын ашуға арналған жеті күндік жоспарды қамтитын ұсыныстар жолдаған. Трамп оны қабылдамады. Дүйсенбіде ислам республикасы Сыртқы істер министрлігінің басшысы Аббас Аракчи жоспарды орындаудың болжамды мерзімін екі тәулікке қысқартуға мүмкіндік туғанын, енді бәрі американдық тараптың жауабына байланысты екенін мәлімдеді.
Бұған дейін американдық әскерилер Ормуз бұғазындағы Кешм аралына шабуыл жасағаны, онда Иран баллистикалық зымырандар сақтайды деп болжанғаны хабарланған.
Еске салайық, бір ай бұрын Дональд Трамп Иранмен қақтығыс жақын арада реттелетінін, өйткені ел АҚШ үшін енді ядролық қауіп төндірмейтінін мәлімдеген.


