Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран АҚШ Конгресіндегі аралық сайлаудан кейін бірден келісімге келеді деп сенім білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

РИА Новости агенттігінің мәліметінше, Америка көшбасшысы Иран Конгрестегі дауыс беру қорытындысын әдейі күтіп отыр, содан кейін тараптар уағдаластыққа келеді деп есептейді.

«Мен сайлаудан кейін бірден (Иранмен — ред. еск.) келісімге келеміз деп сенемін, өйткені оларға басқаша істеудің мәні жоқ. Олар аралық сайлаудағы менің нәтижелерімді көру үшін күтіп отыр. Бірақ олар бір нәрсені түсінбейді — мен оған қатыспаймын», — деді Трамп Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мінберінен.

Сонымен қатар Ақ үйдің басшысы Иранмен келісімге бару немесе оны «жер бетінен мүлдем жою» туралы шешім қабылдауы керектігін атап өтті.

«Маған маңызды шешім қабылдау керек: Иранмен келісім жасалып, ол бұрын-соңды болмаған әлдеқайда ұлы ел құрып, қалпына келе ме... Әлде Ислам Республикасын жою керек пе, әрі мұны тез істеу керек», — деп қосты Трамп.

РБК жазғандай, АҚШ Конгресіндегі аралық сайлау 2026 жылғы 3 қарашада өтеді. Онда Өкілдер палатасының барлық 435 мүшесі және Сенат құрамының шамамен үштен бірі сайланады. Дауыс беру қорытындысы бойынша келесі екі жылда Конгресстің әр палатасын қай партия бақылайтыны анықталады.

Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп Иранмен қақтығыстағы шешуші сәт туралы мәлімдеп, соғыстың аяқталуы жақындап келе жатқанын хабарлаған. Ал Иранда АҚШ тарапынан жаңа шабуыл болса, қатаң жауап берілетіні ескертілген.