АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Канада шекарасында орналасқан Онтарио көлін Америка көлі деп қайта атауды ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz.

Америка көшбасшысы Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Америка Құрама Штаттары Онтарио көлін Америка көлі деп қайта атау мәселесін байыпты қарастырып жатыр, өйткені біз Онтариомен одан әрі бизнес жүргізуді күтпейміз. Осы мәселеге назар аударғандарыңызға рақмет!» деп жазды.

Британ энциклопедиясының деректеріне сүйенсек, Онтарио көлі Солтүстік Америкадағы Ұлы көлдердің ең кішісі және ең шығысы болып табылады. Оның солтүстік жағалауы Канаданың Онтарио провинциясымен, ал оңтүстік жағалауы АҚШ-тың Нью-Йорк штатымен шектеседі.

Бұған дейін Канада премьер-министрі Марк Карни АҚШ-қа қатысты «долларға доллар» мөлшерінде жауап баж салығын енгізетінін мәлімдеген еді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп Канада саясатын сәтсіз деп атап, ел басшылығын, оның ішінде премьер-министр Марк Карни мен Онтарио провинциясының премьері Даг Фордты құзыретсіз деп санайтынын білдірді.