Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында АҚШ, Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасы көшбасшыларының үшжақты кездесуі өтті. Онда мемлекет басшылары әлемдегі геосаяси ахуал туралы бірқатар мәлімдеме жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

РБК агенттігінің мәліметінше, Ресей президенті Владимир Путин Ресей, Қытай және АҚШ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін ортақ жауапкершілік арқалайтынын айтты. «Біздің үш мемлекетті Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңімпаз елдер мәртебесі ғана емес, ең бастысы — халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ортақ жауапкершілік біріктіреді», — деді ол және үшжақты кездесуді ұйымдастырғаны үшін ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге алғыс білдірді.

CNN дерегінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Қытай көшбасшыларымен жеке-жеке кездескенін атап өтті. Ол Си Цзиньпинмен арасындағы жеке қарым-қатынастың тамаша екенін, оның АҚШ пен Қытай халқының мүддесіне жақсы қызмет етіп жатқанын мәлімдеді. Трамп Владимир Путинді «өз досы» деп атады. Ол АҚШ президентінің Ресей мен Қытай басшыларымен алғашқы кездесуі басқа саяси бағытты таңдаудың ортақ белгісі екеніне назар аудартты.

«Әлемнің үш ірі елінің басшылары ретінде біз тек өз халқымызға ғана емес, бүкіл планетаға қатысты мәселелер бойынша ашық, құрметті және нәтижелі диалогты сақтау үшін ерекше жауапкершілік арқалаймыз. Бұрынғы көшбасшылар көбіне келіспеушіліктері бар елдермен сөйлесуден жалтарды, ал біз керісінше істеу керек деп есептейміз және бұған сенімдіміз», — деді Трамп.

Трамп қарым-қатынаста келіспеушіліктері бар елдердің көшбасшыларымен келіссөздерден бас тарту арқылы ешбір мәселе шешілмегенін айтты. «Сондықтан әлемде өзара әрекеттесу мен пікір алмасу мүмкіндіктерін қысқарту есебінен бейбітшілікке ешқашан қол жеткізілген емес. Біз басқа жолды таңдаймыз», — деді ол.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай, Ресей және АҚШ мемлекеттері басшыларының кездесуі жаңашылдық мәнге ие екенін айтты. Ол сондай-ақ Қытай Азия-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық ынтымақтастықтың бастамашысы, қозғаушы күші және озат қатарында екенін қосты. Оның айтуынша, Қытай Азия-Тынық мұхиты қауымдастығын қолдайтын тіректерді тұрғызу үшін барлық тараппен жұмыс істеуге дайын.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Путин, Трамп және Си Цзиньпин кездесуінің ашық бөлігі 10 минуттан астам уақытқа созылды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков кездесудің жабық бөлігін қоса алғанда, жалпы ұзақтығын мемлекет басшыларының өздері айқындайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, үш елдің көшбасшылары кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде «әлем денесінде іріңдеп тұрған» қақтығыстарды талқылауы мүмкін.