Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Ресей Президенті Владимир Путинмен және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен үшжақты кездесу өткізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақ үй басшысының айтуынша, Путин мен Си Цзиньпин өздері қаласа, ол олармен кездесер еді. Журналистердің үшжақты келіссөз өткізу мүмкіндігі туралы сұрағына Трамп «Мен мұны істер едім» деп жауап берді.
Америка көшбасшысы мұндай кездесудің ықтимал орнын да атады. «Меніңше, бұл Қытайда өтер еді», — деді ол.
Трамп үш ел көшбасшыларының басын қосуы мүмкін мәселені де белгіледі. «Біз кездесуді (ядролық қарусыздандыру жөніндегі келіссөздер — ред.) негізінде жоспарлаймыз», — деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар Ақ үй басшысы Путинмен Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесі бойынша келіссөздер туралы пікір білдірді. «Біз онымен Украина жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сондықтан келіссөзді жарты жолда үзгім келмейді. Айтпақшы, менің мұны кез келген сәтте, дереу жасауға құқығым бар. Егер ештеңе шықпаса, мен мұны әрдайым жасай аламын», — деді Трамп.
Бұған дейін Ресей, АҚШ және Қытай үшжақты кездесу өткізу мүмкіндігіне жол бергені, онда Украинадағы ахуал талқыланады деп болжанғаны хабарланған. Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Дональд Трамп, Владимир Путин және Си Цзиньпиннің ықтимал кездесуі соғысты аяқтауға көмектеспейді деп есептейді.


