Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп Ресей көшбасшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Украина дауының реттелуі жақын қалғанын жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Ресей — Украина: біз мұны (реттеуді. — ред.) іске асырамыз, әрі бұл тез болып жатыр. Мен тағы екі соғысты реттеуге таяп қалдым», — деді Ақ үй басшысы Нью-Йорк штатының Сиракьюс қаласында республикашыл губернаторлыққа кандидатты қолдау мақсатында өткен митингіде жақтастарына.

Оның айтуынша, екінші қақтығыс Иранмен келісімге қол жеткізгеннен кейін шешіледі.

Кремльдің ресми сайтында да Ресей президенті Владимир Путиннің мәлімдемесі жарияланды. Ол 9 қазанда Дональд Трамппен болған телефон әңгімесінде Украина дағдарысын реттеу перспективаларына айрықша назар аударылғанын, сондай-ақ Иран төңірегіндегі ахуал мен екіжақты қатынастардың түрлі қырлары қозғалғанын атап өтті.

«Әлемдік энергетикадағы жағдайды талқылау барысында ресейлік тарап Америка мен әлем нарықтарына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізуге дайын екенін растады. Бұл бүкіл жаһандық экономикаға оң әсер ететініне сенімдімін», — деді Ресей президенті.

Владимир Путиннің Ақ үй басшысымен телефон әңгімесінің қорытындысы бойынша Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков та пікір білдірді. Оның айтуынша, Украинадағы қақтығысты реттеу перспективаларына көп көңіл бөлінген.

«Владимир Путин арнайы әскери операцияның мақсат-міндеттеріне қатысты ұстанымымыз өзгеріссіз екенін, сондай-ақ ұзақ мерзімді, тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған саяси-дипломатиялық реттеуге дайын екенімізді анық жеткізді», — деді Ресей президентінің көмекшісі.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей көшбасшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін хабарлап, Америка мен әлем нарықтарына дизель отынын жеткізу туралы мәлімдеген еді.