Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы «мағынасыз» соғыстан бүкіл әлем зардап шегіп жатқанын және оны тоқтату қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс туралы өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде пікір білдірді.
«Өкінішке қарай, Ресей Украинамен соғыс салдарынан дизель өнеркәсібінен айырылды. Дизель отынын өндіретін көптеген зауыт жарылып, кемінде уақытша істен шықты», — деп жазды Америка көшбасшысы.
Ақ үй басшысы соғысты «мағынасыз» және «шексіз» деп атады.
«Украинамен соғыс тоқтатылуы тиіс. Ай сайын 25 мың адам, негізінен әскери қызметшілер қаза тауып жатқанда, бүкіл әлем зардап шегуде. Қандай ұят!» — деп түйіндеді Трамп.
Еске салайық, өткен демалыс күндері Мәскеу мэрі Сергей Собянин украин әскерилері ресей астанасына ең ауқымды шабуыл жасағанын, соның ішінде Капотнядағы мұнай өңдеу зауыты зақымданғанын мәлімдеді. Осыдан кейін БАҚ Дональд Трамп Зеленскийден Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдарды тоқтатуды тағы да талап еткенін жазды.


