АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға арналған құжаттар пакетін дайындауды тапсырды. Вашингтон сондай-ақ Мәскеу, Киев және АҚШ қатысуымен үшжақты келіссөздерді қайта бастауды көздеп отыр, деп мәлімдеді АҚШ-тың арнайы өкілі Джаред Кушнер украин астанасындағы кездесулердің қорытындысы бойынша... деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа пакеттің мазмұны әзірге жарияланбады. Үшжақты кездесудің ықтимал күні де белгісіз.
АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөздер жақын арада өтуі мүмкін екенін хабарлады. Оның айтуынша, Мәскеуде американдық делегацияға реттеу бойынша жаңа идеялар ұсынылды, кейін олар украин тарапымен талқыланды.
Уиткофф Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу кезінде айтарлықтай прогреске қол жеткізілді деп санайды.
«Біз жаңа идеяларды тыңдадық. Зеленскийдің үшжақты келіссөздер туралы айтқанын естідіңіз, олар жақын арада жарияланады деп үміттенеміз. Мәскеуде біз көптеген басқа маңызды және негізді идеяларды талқыладық, оларды осында, Киевке әкелдік», — деді ол.
АҚШ қысқа дейін серпіліске жеткісі келеді
Axios деректеріне сәйкес, Уиткофф пен Кушнер қыс басталғанға дейін келіссөздерде серпіліске жетуді көздеп отыр.
Украина президенті Владимир Зеленский американдық делегацияға елдің қысқы кезеңде ұрыс қимылдарын жалғастыруға дайындалып жатқанын айтты.
Алайда, Financial Times жазғандай, Киевте суық түскенге дейін соғысты аяқтау екіталай деп санайды.
«Соғыс қыста да жалғасатын сияқты», — деді Зеленский.
Келіссөздер барысында тараптар Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымға соққылары күшеюі мүмкін жағдайда Украинаны қысқы кезеңде қолдау мәселелерін де талқылады.
Негізгі тақырыптардың бірі Донбастың болашағы болды. Аумақтық мәселені талқылау мәліметтерін тараптар жариялаған жоқ.
Киевтегі келіссөздердің қорытындысы
Уиткофф пен Кушнер Зеленскиймен және оның кеңесшілерімен екі рет кездесті. Содан кейін талқылауға Ұлыбритания, Франция және Германия өкілдері қосылды.
Axios дереккөзі кездесулер «жақсы өткенін» хабарлады. Америкалық тарап жаңартылған бейбіт ұсыныс бойынша жұмысты жалғастыруды көздеп отыр.
Уиткофф келіссөздерді мазмұнды және маңызды деп атады.
«Біз өте жігерлендік және қажетінше жұмысты жалғастыруға дайынбыз», — деді ол.
Кушнер АҚШ тек қазіргі ұрыс қимылдарын тоқтатуға ғана емес, сонымен қатар жаңа соғысты болдырмауға мүмкіндік беретін жағдайлар жасауға ұмтылатынын атап өтті.
«Тек қазіргі соғысты аяқтаудың жолын табу ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді және тұрақты бейбітшілік үшін жағдайлар мен келісімдер жасау маңызды», — деді Кушнер.
Зеленский Киев өз ұсыныстарын дайындағанын хабарлады. Украинаның басты талаптарының қатарында ол сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін және жаңа шабуыл мүмкіндігін болдырмайтын келісім жасасуды атады.
Мәскеуде не талқыланды
Уиткофф пен Кушнер үшін бұл американдық келіссөзшілер ретінде Украинаға алғашқы ресми сапар болды. Алдыңғы күні олар Кремльде Путинмен кездесуде үш сағаттан астам уақыт өткізді.
Ресей тарапы әңгімені конструктивті және пайдалы деп атады. Ақ үй кездесуге қатысушылар жақын апталарда ұсынылатын келесі қадамдарды талқығанын хабарлады.
Сонымен қатар, Мәскеу мен Киевтегі келіссөздердің қорытындысы бойынша нақты келісімдер әзірге жарияланған жоқ.


