Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Венесуэланы бақылауға алудың арқасында АҚШ жақын арада ұлттық қорларын мұнаймен толықтыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Time журналына берген сұхбатында Трампқа Венесуэла туралы сұрақ қойылды. «Ондағы жағдай қалай болып жатыр?» — деп тікелей сұрады журналист.

Сұхбаттың стенограммасына сәйкес, журналист Трамптың Венесуэладағы сайлау өткізу туралы президент міндетін атқарушы Делси Родригеспен келіскен-келіспегенін білгісі келген.

Трамп Родригеспен «жақсы қарым-қатынаста» екенін айтты, себебі АҚШ ол жаққа ірі мұнай компанияларын тартып отыр.

«Біз өте көп мұнай өндіреміз. Жақында ұлттық қорларымызды — ұлттық стратегиялық резервтерімізді толтырамыз. Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы. Президент Буш (Джордж Буш-кіші — ред. ескертпесі) Иракты талқандағанда, бәрін жұмыстан шығарды. Елді басқаратын ешкім қалмады. Мен басқаша жасадым. Мен полицияны жұмыстан шығармадым. Мен әскерді жұмыстан шығармадым. Мен ешкімді жұмыстан шығармадым. Ал бәрін Делси басқарды. Біз бірге жақсы жұмыс істейміз. Тіпті қазір де. Онда сайлау өтуі мүмкін еді», — деді Трамп.

Ол Венесуэлада президент сайлауының өткенін қалайтынын, бірақ оның пікірінше, ондағы жағдай әзірге «шикі» екенін қосты.

«Меніңше, әзірге ерте. Міне, Exxon, Chevron — барлық ірі мұнай компаниялары сонда кіріп жатыр. Біз көп ақша табамыз, бірақ Венесуэла да табады, ал біз осының бәрін толық бақылаймыз», — деп қорытындылады Трамп.

Еске салайық, жақында Дональд Трамп Венесуэламен «әлем тарихындағы ең үлкен» мұнай мәмілесін жасағанын жариялаған болатын.

Кейінірек Венесуэланың уақытша президенті Дельси Родригес ұлтқа үндеуінде АҚШ-пен мұнай келісімі аясында елдің табысы туралы айтты. Мәміле жасалғаннан кейін Трамп венесуэлалық мұнай АҚШ-тың стратегиялық қорларын толықтыратынын мәлімдеді. Ол мұны «америкалық халыққа сый» деп атады.