Украина президенті Владимир Зеленский келесі аптада Вашингтонға барып, Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі, деп хабарлайды infohub.kz.
АВС News-тің Ақ үй өкіліне сілтеме жасауынша, кездесу 28 шілде, сейсенбі күні өтеді. Зеленский сондай-ақ американдық сенатор Линдси Грэммен қоштасу рәсіміне қатысады. Грэм мен Зеленский арасында тығыз байланыс болғаны айтылады. Сенатор қайтыс болар алдында Украинаға барған еді.
Украина көшбасшысының сапары оның Ресей мен Иран туралы жаңа мәлімдемелері тұсында белгілі болды. Сенбі күні Зеленский X әлеуметтік желісінде украиналық арнайы қызметтерге одақтастарға барлау ақпаратын беруді тапсырғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл деректер Ресейдің АҚШ пен Иран арасындағы жалғасып жатқан қақтығыс кезінде Иранға көмектескенін көрсетеді. Зеленскийдің мәлімдеуінше, шілденің басынан бастап украиналық тарап Ресейдің Парсы шығанағындағы АҚШ одақтастарының нысандары мен аймақтағы американ әскери базаларын спутниктік барлауын байқаған. Ол бұл деректер мен Иранның кейінгі соққылары арасында «айқын байланыс» барын мәлімдеді.
Ақ үй бұл мәлімдемелерге әлі түсініктеме бермеді және Украина президенті айтқан барлау деректерін американдық билік алған-алмағанын растаған жоқ. Алдыңғы күні Дональд Трамп журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Ресей мен Қытай Иранға айтарлықтай көмек көрсетеді деп ойламайтынын айтты. Оның сөзінше, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин оны Тегеранды «елеулі көлемде» қолдауға ниетті емес екеніне сендірген.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XXII өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысып, онда Владимир Путинге «Украинадағы қақтығысты мұздатып, «Стамбул формуласы 2.0»-ге оралуды» ұсынып, резонансты мәлімдеме жасады. Осы үшін Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига қазақстандық көшбасшыға алғыс білдірді. Кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұздату ұсынысын жүзеге асыру мүмкін емес деп мәлімдеді.


