АҚШ президенті Дональд Трамп Newsmax телеарнасына берген сұхбатында Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу туралы айтып, Владимир Зеленскийді тағы да сынға алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақ үй басшысы украин көшбасшысымен келіссөз жүргізу Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлескеннен де қиын екенін мойындады.
«Зеленский — бізге оңай келісім жасайтын адам емес. Ол мәміле жасағысы келмейді. Келісуге ниеттімін дейді, бірақ шын мәнінде олай емес. Жоқ, Зеленский маған ұнамайды», — деді Трамп.
Ол қақтығысты реттеу әрекеттері аясында Украинаның ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруді қайта бастау шешімін сынға алды. Трамп мұндай соққылар әлемдік энергия бағасының өсуіне әкелетінін түсіндірді.
«Егер Зеленский мұнай өңдеу зауыттарына қайта соққы беріп жатқанын айтсаңыз, ол тек әлемдік мұнай бағасын көтеруге қол жеткізеді», — деп ашуланды Ақ үй басшысы.
Ол шабуыл жасауға басқа да көптеген нысана бар екенін қосты.
«Бірақ бізге және бүкіл әлемге қажет дизель отынын өндіретін зауыттарға соққы бергенде, сіз әлемге жақсылық жасамайсыз», — деді АҚШ президенті.
Президенттік мерзімі аяқталғанша соғыс біте ме деген сұраққа Трамп бейбіт келісім жасасу мүмкіндігіне оптимистік көзқарас білдірді, бірақ Зеленскийдің келіссөзге дайындығына тағы да күмәнданды.
«Соғыс жақын арада аяқталуы керек. Меніңше, шын мәнінде екі жақ та оны тоқтатқысы келеді», — деді Трамп.
Ол сондай-ақ қақтығысушы тараптар көшбасшыларының жеке бас кектестігінен келісімге келу қиынға соғатынын атап өтті.
«Білесіздер, Путин Зеленскийді жек көреді, Зеленский Путинді жек көреді. Осындай өшпенділік болғанда, кез келген нәрсеге келісу өте қиын», — деді ол.
Трамп сондай-ақ Украинада жаңа сайлау өткізу мүмкіндігін жоққа шығармады, Зеленскийдің қазіргі уақытта халықтың қолдауына ие екеніне күмән келтірді.
«Меніңше, сізге сайлау керек, өйткені украиндықтар көпқабатты үйлеріне зымыран тигеніне риза деп ешкім маған айтпайды», — деді Ақ үй басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп Владимир Зеленскийді қатты сынға алып, Украинаға мәміле жасай алатын жаңа көшбасшы табу керектігін айтқан еді. Кейінірек БАҚ Украинаның жаңа президенті қызметіне төрт ықтимал кандидатты атады.
Зеленскийдің өзі Ресей 60 күндік толық атысты тоқтатуға келіссе, президенттік сайлау өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Кремль Зеленскийдің Украинада сайлау өткізу үшін екі айлық бітімгершілік туралы ұсынысын қабылдамады.
Ал жақында Владимир Зеленский отставкаға кетуге ниеті жоқ екенін айтып, қазір сайлау өткізу мүмкіндігі туралы да пікір білдірді. Америкалық кәсіпкер Илон Маск бірнеше күн бұрын Зеленскийдің Украина президенті қызметінен кетуі керектігін мәлімдеген еді.


