Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Владимир Зеленскийдің американдық келіссөзшілер Мәскеу мен Киев арасындағы бейбіт келісімді қаңтарға дейін жасасуға ниетті деген сөздеріне ирониямен жауап берді. New York Post басылымының хабарлауынша, журналистер Украина президентінің мәлімдемесіне түсініктеме беруді сұрағанда, Ақ үйдің басшысы қатты күлген, деп жазады infohub.kz сайты.
«Мұны кім айтты?» — деп сұрады Трамп. Басылым дерегінше, ол кейін жоғары лауазымды шенеуніктердің бірімен көз қағыстырған.
«Ол менен не қалайды?» — деп қосты американдық көшбасшы.
Трамп бұл мәселеде өзін ешқандай уақыт шеңберімен шектемейтінін атап өтті — ол үшін қақтығыстың аяқталуы принципті түрде маңызды.
«Мен ешқандай мерзіммен шектелмегенмін. Мен тек осының аяқталғанын қалаймын. Білесіз бе, бұл бізге қатысты емес. Мен бәрі бүгін-ақ аяқталғанын қалар едім, бірақ танго билеу үшін екі адам керек. Не боларын көреміз», — деді ол.
Сонымен қатар АҚШ президенті кейде қақтығысқан елдердің көшбасшылары өздері бейбітшілікке ұмтылмайтын сияқты әсер қалатынын айтты.
«Кейде Путин бұған дайын сияқты, ал Зеленский — жоқ. Кейде Зеленский бәрін тезірек аяқтағысы келеді, ал Путин дайын емес. Барлығы нақты күнге байланысты», — деді Трамп.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский американдық келіссөзшілер Ресеймен бітімге «мүмкіндігінше тезірек» қол жеткізуді талап етіп отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, олар қақтығыстың қаңтарға дейін аяқталуын қалайды.


