BBC Radio 2 диджейі Тревор Нельсон ми ісігі диагнозы қойылғаннан кейін ота жасатқанын және қазір жазылып келе жатқанын айтты. 62 жастағы жүргізуші маусым айында денсаулығына байланысты жұмыстан уақытша демалысқа шығатынын мәлімдеген еді. Бейсенбідегі жазбасында Нельсон ми ісігі бар екенін білгенде «әлемі төңкерілгенін» айтты.

Радио жүргізушісі соңғы бір айды «қалпына келу, демалу және жазылу» үшін өткізгенін, отаның «өте сәтті» өткенін және жақын арада жұмысқа оралуға үміттенетінін білдірді. Британдық қара нәсілділер музыкасын насихаттауға 30 жыл өмірін арнаған Нельсон бейнеүндеуінде: «Көпшілігің жаз басында жазған жазбамды көрген шығарсыңдар, онда ауруыма байланысты барлық жұмыстан қол үзіп тұрғанымды айтқанмын. Менің не болғаным туралы көптеген болжамдар айтылды, мен оны білемін», — деді.

Brain Tumour Charity ұйымының мәліметінше, Ұлыбританияда жыл сайын шамамен 13 000 адамға ми ісігі диагнозы қойылады. Нельсон: «Қазір бәрін айтып жатпаймын, кейінірек толық айтып берермін, сонда бүкіл оқиғаны естисіздер. Бірақ мынаны айтайын: мен өз ісіммен жүрген едім, кенеттен ми ісігі бар екені анықталды. Әлемім төңкерілді. Бұл маған да, жақындарыма да, достарыма да соққы болды. Басым айналып кетті», — деді.

Жүргізуші диагноз қойылғаннан бірнеше апта өткен соң ота жасатқанын айтты. «Бақытыма орай, ота өте сәтті өтті, соңғы бір ай бойы үйде болып, демалып, жазылып, отадан кейінгі ем алып жүрмін», — деді ол. Ол өзін «қайтадан өзімдей сезініп тұрғанын» айтып: «Менің жағдайым өте ауыр болды, бірақ қазір одан аман шықтым және өзімді тамаша сезінемін. Жұмысқа кірісуге дайынмын, денсаулығым жақсы», — деп қосты.

Нельсон демалысқа дейін Radio 2-де апта ішінде сағат 14:00-16:00 аралығында, ал BBC Radio 1Xtra-да жексенбі сайын сағат 11:00-13:00 аралығында жүргізіп келген. Ол бұған дейін Kiss FM, Radio 1 және MTV-де жұмыс істеген.