The New York Times (NYT) АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың үш ықтимал сценарийін жариялады. Бұл сценарийлер жоғары деңгейде талқыланған, деп хабарлайды infohub.kz.

Басылымның дерегінше, соңғы апталарда бұл нұсқалар вице-президент Джей Ди Вэнс, қорғаныс министрі Пит Хегсет, Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы Дэн Кейн, президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер және арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысқан кездесулерде қаралды.

Президент Дональд Трамп қазір Таяу Шығысқа қатысты үш әрекет бағытын қарастырып жатыр: әскери шиеленісті күшейту; Иранға экономикалық қысым көрсету; жеңіс жариялап, америкалық әскерлерді аймақтан шығару. Дегенмен NYT бұл сценарийлердің әрқайсысы «түрлі себептермен қабылданбайтынын» атап өтеді.

Атап айтқанда, АҚШ-тың аймақтан кетуі Иранның ядролық бағдарламасын жандандырып, қақтығыстың түпкі себебін жоймайды. Сонымен қатар, NYT дереккөздерінің мәліметінше, Трамптың кеңесшілері жаппай бомбалау Тегеранды келіссөздерге қайта келтіруіне күмәнмен қарайды. Мұндай соққылар бейбіт тұрғындар арасында үлкен шығынға әкеліп, ирандықтардың жаппай аштыққа ұшырауына себеп болуы мүмкін. Ал президент бұрын оларды өз үкіметінен қорғауға уәде берген еді.

Еске сала кетейік, Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі осы уақытта Вашингтон мен Тегеран арасында делдалдар арқылы келіссөздердің жалғасып жатқанын мәлімдеді.