Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Туған жерімнің бейнесі (Қызылорда)

Мен сіздердің өз өмірлеріңізбен ел өмірін толыққанды, сәнді

және бояуы қанық ете алатындарыңызға кәміл сенемін.

Жаңа ғасырға Қазақстанды сіздер алып барасыздар!

Н.Ә.Назарбаев

Мен биылғы жылы он бес жасқа қадам бастым. Бала деуге келмейтін, бойжеткендеуге жетпейтін, жасөспірім кезеңге аяқ бастым. Білгенімнен білмейтінім, көргенімнен көрмегенім көп. Мен үшін жұмбақ, таңсық нәрселер жетерлік. Өзгермелі қоғамда, дамыған заманда болашағымды болжай алмасам да,келешекке үлкен сеніммен, алдағы өмірге деген үкілі үмітім бар.

XXI ғасырда болашаққа қарыштап қадам басқан елімнің жетістіктерін күнделікті баспасөз беттерінен оқып танысамын, теледидардан көріп марқаямын. Асқақтаған Астанам, көкпен таласқан Бәйтерегім, жұрттың көз-қуанышына айналған туған жерімнің табиғаты мен оны мекен еткен ұлыс пен ұлт өкілдерінің тату-тәтті тұрмысын мақтан етемін.Кім келсе де құшағын жая қарсалатын, нанын бөліп жеуге даяр тұратын, қызын аялаған, ұлын ардақ тұтқан, бейбітшілікті ту еткен ерекше елдің перзенті болғаным үшін шаттанамын. Елімнің қай түкпірін сөз етсем де туған жерге деген сезімім сана төріне сан түрлі ой, толқыныс әкеледі. 

Жер жәннаты Жетісу мен көгілдір Көкше, Баянауыл мен Қарқаралы, Алтай мен Атырау, Сарыарқа мен Іле, Шу мен Жайық,Ертіс пен Есіл бойын жырға қоспаған ақын,сөз етпеген жазушы жоқ шығар, сірә. Ал өзім дүниеге келген Сыр бойы - бағзы замандардан бері менің атамекенім, бүгінгі біздің, кешегі бабаларымыздың құт-мекені. Алып "Қазақстан" атты Ұлы мемлекетте мәдениеті, әдебиеті, экономикасы жағынан қарыштап дамып келе жатқан "Алаштың анасы" болып табылатын Сыр өңірінің өзіндік орны бар деп білемін. Бұл жерде өз тағдырынан ұрпақ тағдырын биік санаған ардақты Асан қайғы желмаясымен желіп өтіп, мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт баба күңіреніп күй шерткен. Сан ғасыр орыс отаршылдарының қиянатын көріп, хиуа, монғол, жоңғар тайпаларына Бұқарбай, Жанқожа, Тоғанас батырлар жер төсінен күш алып, қайсарлықпен тойтарыс берген, ал күміс көмей, жез таңдай Нартай, Тұрмағамбет сынды жыр-саңлаулары киелі мекені, қасиетті топырақтан нәр алып, тербеліп өсіп, жыр шертті емес пе?!

Ал ел басына күн туып,"бұғауға" түскен заманда Ұлт көшбасшылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтармен бірге жерлесім Мұстафа Шоқай иықтас тұрып, дербестік пен тәуелсіздіктің туын алғаш болып тігуге ұмтылса, жалынды жастардың жетекшісі Ғани Мұратбаевтың "шығыстың жарық жұлдызы" атанғаны, әрине, менің ғана емес, күллі "Мен, қазақпын!" деген текті ұрпақтың Ұлы мақтанышы болып, ел айбарына айналғанына тарих куә.

Иә,"Мың өліп, мың тірілген" қайран елімнің жатса да, тұрса да есінен кетпеген арманы - тәуелсіздік. Тәуелсіздік - азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы көші болса, "түн артынан жарқырай таң атар" демекші, сенің күнің туды. Сенің әрбір тасың, әрбір гүлің, өзен-көлің, тіпті шөлің де мен үшін қымбат, туған жер! Осыншама азғантай уақытта жасарып, жарқырап, биікке көтерілгеніңе жас жүрегіммен шаттанамын. Тәуелсіздік алғаннан бері Сыр өңірі де күннен-күнге хор қызындай түлеп жаңарып, жасарып, құлпыруда. Бүгінде облыс орталығы Қызылорда қаласы өзінің сәулетімен, сәнімен келушілерін таңдай қақтыруда. Тоғыз жолдың торабында тұрған алып шаһар түнде көрсең аспалы шамнан сәуле шашып, алыстан қол бұлғап, ерекше көз тартады. Ата-баба кәсібін ұстаған елім, мал бағуды дамытып, ауыл шаруашылығын өркендетуде. Жер асты мен үстіндегі қазба байлықтарын игеріп, жер кіндігі - Байқоңырды ел игілігі үшін пайдалануда. Береке-бірлігі таймаған, еңбекте ерлері қайнаған, өнер мен спортта ел намысын қорғаған Сыр өңірі осылай алға қарай даму үстінде.Ал мен осындай туған жерімнің перзенті ретінде "теңізге тамшыдай..." үлесімді қосып келе жатқан елімнің ертеңі болар бір түлегімін. Мен- жерімді гүлге бөлеп, көгертер елімізді көркейтер, тайсалмай, талай сынды басынан өткерер, өзіңді мақтан етер қызың болам, Туған жер! Сен - заңғар биіксің, кеңсің, достығы мызғымас беріксің, Туған жер! Ал мен сені көзімнің қарашығындай сақтар қорғаныңмын, тәтті ұйқыңды, бейбіт өміріңді, тату-тәтті халқыңды күзетер сақшыңмын, тарихыңды жырлап өтер, тәуелсіздік шежіресін толғап өтер рухы мықты перзентің боламын, о, сүйікті туған жер!

Қаршыға Айгерім, Қызылорда


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама