Мал жаю ережесін бұзу жылқы иесіне жарты миллион теңгеден астамға түсті: Шу аудандық соты иесін жануардың жолаушылар поезымен соқтығысуынан келтірілген залалды өтеуге міндеттеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысының Шу аудандық соты «К.» ЖШС-нің азамат Т.-ға жолаушылар поезының жылқыға соғылуынан келтірілген материалдық залалды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.
Тергеу барысында анықталғандай, оқиға 2025 жылдың қараша айында Отар – Шу теміржол учаскесінде түнгі уақытта болған. Жолаушылар поезы қозғалыс кезінде жолға кенеттен шығып кеткен жылқыны қағып кетті. Машинист уақтылы төтенше тежеу жасап, қатты дыбыстық сигнал бергенімен, соқтығысудан құтыла алмады.
Салдарынан электровоз механикалық зақым алып, жөндеуге жіберілді. Қалпына келтіру жұмыстарының құны 531 мың теңгені құрады.
Құқық қорғау органдары жануардың иесін анықтады. Оның бұған дейін теміржол төсемінің жанында мал жаю ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Іс материалдары мен ұсынылған дәлелдемелерді зерттей келе, сот жауапкердің мал жаю ережесін бұзуы мен локомотивке залал келтіру арасында тікелей себеп-салдар байланысы бар деп шешті. Талапкердің талаптары негізді деп танылды.
Шу аудандық сотының шешімімен жауапкерден «К.» ЖШС пайдасына 531 мың теңге мөлшеріндегі материалдық залал, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеуге жұмсалған шығындар өндірілді.
Сотта бұл шешім әзірге заңды күшіне енбегенін және заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануы мүмкін екенін атап өтті.


