«Кокшетауские минеральные воды» компаниясы Turan минералды суын және Haoma маркасымен алкоголь өнімдерін шығарады. Кәсіпорын 2025 жылы басшылығына төлейтін сыйақыны 30,4%-ға көбейтті. Төлемнің жалпы сомасы шамамен 9,8 млн теңгеге өсіп, былтырғы 32,24 млн теңгеден 42,03 млн теңгеге жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кәсіпорынның тең иелерінің бірі — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының бұрынғы вице-министрі Мүслим Өмірьяев.
Бұл қаражатты 2024 жылы да, 2025 жылы да бір адам алды. Ол — компанияның басқарма мүшесі болып 2023 жылдың қыркүйегінде сайланған жалғыз мүшесі Досымжан Кенжешов. Оның сыйақысы орта есеппен айына 3,5 млн теңгеге жеткен.
Кенжешов басқармадағы жұмысынан бөлек «Хаома Дистилери» компаниясының директоры қызметін атқарады. Бұл кәсіпорын спиртті ішімдіктерді дистилляциялаумен, ректификациялаумен (сұйық қоспаны жекелеген компоненттерге бөлу процесі) және араластырумен айналысады. Бұл құрылым толығымен «Кокшетауские минеральные воды» компаниясына тиесілі.
Басшылыққа төленетін төлемнің өсуі кәсіпорынның қаржылық көрсеткіштері жақсарған кезде орын алды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Кокшетауские минеральные воды» 1,36 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен (1,17 млрд теңге) 15,4%-ға артық. Сол кезеңдегі түсім 13,72 млрд теңгеден 16,56 млрд теңгеге өсті.
«Кокшетауские минеральные воды» компаниясының жалғыз меншік иесі — «Азия Су Компаниясы». Өз кезегінде, бас компанияның тең иелері — Өмірьяев және бұрынғы вице-премьер әрі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің інісі Шалқар Нұртілеу.
Өмірьяевқа сондай-ақ Global Beverages, Global Wine KRG, Global Wine AST, Global Wine Aktobe, Global Wine Kostanay, Global Wine2024, Global Wine Almaty, Global Wine Petropavlovsk, «Аврора Павлодар», Global Wine Uralsk, Saturn Distribution, Global Wine Oskemen, EFG Almaty, Agropark KZ және «Норд Фуд Компаниясы» компаниялары тиесілі.
2014 жылы сот Өмірьяевты кәсіпкерден 100 мың доллар және шамамен 7 млн теңге пара алғаны үшін, сондай-ақ аусылға қарсы вакцина сатып алу конкурстарында жеңіске жетуге жәрдемдескені үшін қатаң режимдегі колонияда 10 жылға бас бостандығынан айырды. 2016 жылы іс лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану деп қайта сараланып, мерзім төрт жылға қысқартылды. Кейін жазаның өтелмеген бөлігі бостандықты шектеумен алмастырылып, ол мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
Екінші тең иесі Шалқар Нұртілеу «Премиум Ойл Транс», Doskar Group, Rail Jet және Turan Development QZ компанияларын бақылайды.
«Кокшетауские минеральные воды» алкогольді және алкогольсіз өнімдер, оның ішінде Turan суын және Xaoma арағын шығарады.


